Жеңіс күні мерекесіне орай Жаңақала ауданы әкімі Наурызбай Қарағойшин аудан орталығында тұратын ҰОС ардагері Арыстанғали Қойысовтың шаңырағына арнайы барып құттықтап, сый-сияпат тарту етті.
-Тәуелсіздік жылдары еліміз қарыштап дамып, аймағымыз көркейіп келеді. Мұның барлығына сіз секілді қариялардың берген батасы мен тілектестігінің арқасында қол жетті. Ауырмаңыз, көрер қызығыңыз көп болсын,-деді аудан басшысы. Мұнан кейін ішкі істер бөлімінің ардагері Қ.Сәрсеков, аудан әкімінің орынбасары Ж.Нұрғожин, аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қ.Теміровтер ізгі тілектерін айтып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Соғыс ардагері Арыстанғали Қойысов 1925 жылдың 15 қыркүйегінде дүниеге келген. 1940 жылы әуелі Үштаған жетіжылдық мектебін, кейін сырттай оқып, орта білім алған. Алғашқы еңбек жолын 1942-1943 жылдары ауданымыздың Э.Тельман атындағы ұжымшарында бастаған. Ұлы Отан соғысына 1943 жылдың 16 наурызында Орынбор қаласындағы құрылған 61-ші атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болып қатысады. Соңынан 1152-ші атқыштар полкіне ауысып, маршалл Конев басқарған 1-ші Украина майданы құрамында 1944 жылдың қаңтар айында Калинин облысына қарасты Кривой Рог қаласы түбінде соғысқа кіреді. Польша, Чехославакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуде ерлікпен шайқасты. Соғыстан кейін бейбіт өмірде ұзақ жылдар «Айдархан» кеңшарында бөлімше меңгерушісі болып абыроймен қызмет атқарған. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Ерлігі үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және көптеген мерекелік, жауынгерлік медальдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. Қазір құрметті демалыста.
Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,
Жаңақала ауданы