Бүгін Астана экономикалық форумының алаңында Батыс Қазақстан облысындағы мал бордақылайтын орын және ет комбинатын жандандыру бойынша меморандумға қол қойылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қол қою рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов, «Dunbia» компаниясының негізін қалаушысы Роберт Джон Добсон (Ұлыбритания), «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов мен «Қазақстан ет одағының» ЖКЗТБ-нің бас директоры Мақсұт Бақтыбаев қатысты.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы, әсіресе мал шаруашылығы дамуындағы аймақтың әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті.
«Біз «Crown Batys» мал бордақылау кешенін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз. Инвестор аймаққа қаржы құяды, біз ет және ет өнімдер нарығын дамыту мен экспортқа шығару үшін барлық жағдай жасаймыз»,- деді Алтай Көлгінов.
Аталған шара ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өтті.
Фото: Ғани Өмірбеков