Астана қаласының мәдениет күндері аясында Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ақ тілекпен, Астана» атты көркемсурет көрмесі өз жұмысын бастады.
Астана қаласының әкімдігі мен «Тәуелсіздік сарайының» ұйытқы болуымен Ақжайық төрінен орын алған көрмеге Р.Күлбатыров, С.Смағұлов, А.Смағұлова, М.Бекеев, А.Аллабергенов, Н.Қаржасов, Р.Слекенов және т.б. қазақстандық суретшілердің елуден астам өнер туындысы қойылды. Сондай-ақ танымал қазақстандық сәулетші-дизайнер Жанна Спунердің жеке жинағы мен Мұхтар Байбосынов, Өмірбек Тлеулиев, Дәурен Макин, Динара Нүгері сынды суретшілердің және Тоқтар Ермеков пен Сембіғали Смағұлов сынды белгілі мүсіншілердің жұмыстары да келушілердің назарына ұсынылды.
-Астананың жиырма жылдық мерейтойына орай мамыр-қыркүйек айлары аралығында еліміздің барлық өңірлерін аралаймыз. Астаналық өнер ұжымдарының мәдени сапары Ақтөбе облысынан бастау алып, бүгін Батыс Қазақстан облысында жалғасты. «Ақ тілекпен, Астана» көрмесіне тек астаналық суретшілердің ғана емес, қазақстандық қылқалам шеберлері мен мүсіншілердің туындылары қойылды. Экспозициялардың арасында жерлестеріңіз Сәкен Ғұмаровтың картинасы да бар,-дейді Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.
- Ақжайық жұртына Астананың ыстық сәлемін алып келген өнер ұжымдарына қош келдіңіздер дегім келеді. Көрмеге қойылған туындылар түрлі жанрды қамтыған, сондықтан келушілердің көңілінен шығары сөзсіз. Облыстағы Астана күндері аясында өнер ұжымдары қала және облыс тұрғындарына арнап, бірнеше концерт, спектакльдер қояды. Сапарларыңыз оң болсын,-деді Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.
Ұйымдастырушылар отандық сурет және сәулет өнеріне қызығушылық танытқан облыс жұртшылығын 17-19 мамыр күндері сағат 10.00-20.00 аралығында көрмені тамашалауға шақырады. Кіру тегін.
Облысқа мәдени сапары барысында астаналық делегация Орал қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, көненің көзі болып табылатын құнды жәдігерлермен танысты. Туған жердің тарихы мен мәдениетін насихаттау жолында жемісті қызмет етіп жүрген музей ұжымына ризашылықтарын білдірді.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»
Фото Динара Киндербаева