1992 жылы 4 маусым күні Тәуелсіз Қазақстанның Рәміздері бекітілген болатын. Бүгін де жылма жыл тойланып келе жатқан Рәміздер күні «Адал жол» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы эстафетасының ауданымызға келуімен тұспа-тұс келді.
«Рәміздер – ұлттық сезімнің бойтұмары» атты салтанатты шара А.Оразбаева көшесінен «Достық» алаңымен жүріп өткен автокөлік, велошерумен басталды. Әрмен қарай ҚР-ның мемлекеттік Әнұраны ойнатылып, аудан әкімі Н.Қадырбайұлы сөз алды:
- Мемлекеттік рәміздер тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы, елдігіміздің символы. Мемлекеттік рәміздер - ұлттық мақтаныш. Сондықтан да біз айбынымызды асырып, рухымызды аспандатар көк Туымызды, ерлік пен елдіктің исі аңқыған қасиетті Елтаңбамызды, қасқайып шырқайтын әуезді Гимнді мақтан етейік, - деп жаңақалалықтарды мерекемен құттықтады.
Рәміздер күніне арналған салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Айтолқын АСҚАРҚЫЗЫ
Жаңақала ауданы