6.06.2018, 10:57
Оқылды: 36

Қазталовта аудан әкімдігінің ашық есік күндері басталды

Аудан әкімдігінің ашық есік күні Қарасу ауылдық округінде өтіп, аудан әкімі Абат Шыныбеков округтің Қарасу, Жұлдыз, Ащысай ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Бұл кездесулерде округ әкімінің уақытша міндетін атқарушы Алтынғаным Бақытова округте атқарылған жұмыстардан баяндама жасаса, салалық мекеме басшылары ауыл шаруашылығы, ветеринария және халықты жұмыспен қамту салаларындағы өзгерістермен қатар жаңалықтарды да айтып берді.

Кездесулер барысында аудан басшысы ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап бере келіп, Қарасу округіндегі биылғы жылы қолға алынған іс-шаралар жоспарымен бөлісті.

- Қарасу ауылдық округі ауданымыздың шалғай жатырған округтерінің бірі болып саналады. Дегенмен округтің әлеуметтік жағдайы мен тыныс-тіршілігі біздің назарымыздан тыс қалған емес. Бұрынғы кездесулерде өздеріңіз көтерген біраз мәселелердің төңірегінде жұмыстанып жатырмыз. Жақсы жаңалықтарымыз да жоқ емес. Биылғы жылы Көктерек бағытындағы көгілдір отын тарту жүйесіне Жұлдыз ауылы да кіріп отыр. Республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржылар бөлініп, газ желісін тартатын мердігер де анықталды. Алдағы шілде айынан бастап газ құбырын тарту жұмыстары басталады. Сонымен қатар Қарасу ауылына таза ауызсу жүйесін тарту, Жұлдыз ауылынан жаңа мектеп салу үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттары толығымен жасалды. Ендігі уақытта қаражат табу мәселесі қалды. Ал Ащысай, Бостандық ауылдарына газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалуда. Жұлдыз ауылындағы таза су қондырғысының мембранасын ауыстыруға аудандық бюджеттен 3,8 млн.теңге көлемінде қаржы бөліп отырмыз.

Тек бір өкініштісі, Қарасу ауылдық округі ауыл шаруашылық саласына бөлінетін мемлекеттік субсидиядан құр қалып отырғандығы. Ауыл шаруашылық кооперативтерін құру жұмыстары да қолға алынбаған. Осындай мәселелерге ауыл тұрғындары мен қожалық жетекшілері ойланса деймін. Енді бір қуантарлығы, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарасу ауылының әр жылдарда мектеп бітірген түлектері ауылдың көркейуіне өз үлестерін қосып, ауылға субұрқақ, «Менің жүрегім  Қарасу» композициясын жасап, мектептің және мәдениет үйінің алдындағы абаттандыру жұмыстарын атқарған. Бұл да округ үшін үлкен жетістік болып саналады,- деді Абат Абайұлы.

Сонымен қатар аудан әкімі Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасы туралы түсіндіріп, кездесулер соңында ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен де қабылдады.

 

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале