Ақсайдағы шешімін күткен өзекті мәселенің бірі – жолдың жайы екені белгілі. Әсіресе, Ақсайды облыс орталығына жалғайтын тас жолдың сапасы өте нашар.
Ақсайлық ағайынмен кездесу барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов жақында облысқа жұмыс сапарымен келген Елбасы Н. Назарбаевтың Ақсай бағытына қатынайтын жол құрылысын салуға үлкен қолдау көрсеткені туралы қуанышты хабарды жеткізіп, қазір ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен жобалық сметалық құжаттар дайындалып жатқанын, келер жылы Ақсай арқылы Оралдан Орынборға дейін төрт жолақты автожол салынатынын айтты.
Өткен жылы облыстық маңызы бар Ақсай-Жымпиты тас жолын жөндеу жұмыстары басталған болатын. Мердігер «Юнисерф» ЖШС, жобаның бірінші кезеңінде 38-53 шақырымда (15 шақырым) жол жөндеу жұмыстарын «АқсайБизнесСтрой» ЖШС іске асыруда, жобаның сомасы 1 958,014 млн теңге. Екінші кезеңде 53-68 шақырым (15 шақырым) жөндеу жұмыстарымен «Асфа» ЖШС айналысуда. Бұл жобаның жалпы сомасы 1 943,729 млн теңге.
Жөндеу жұмыстарының барысын пысықтап, қосалқы мердігерлермен тілдескен облыс әкімі жұмыстың сапалы әрі уақтылы жүргізілуін тапсырды. Құрылыс материалы мен жұмыс күшінің және техниканың жеткілікті екендігін айтқан қосалқы мердігерлерлер өздеріне тиесілі учаскені тамыз айының соңына дейін аяқтауға уәде берді.
Жалпы, Ақсай мен Жымпиты аралығын жалғайтын ұзындығы 90 шақырымдық тас жолды жөндеу жұмыстары жоба бойынша келер жылы аяқталуы тиіс.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
Фото: А.Куприенко
zhaikpress.kz