Өткен жылы Бостандық ауылының желаяқтары Мержан Серіков пен Еділжан Қосболов 47 шақырымды жаяу жүгіріп өтіп, жұртшылықты таңқалдырған еді. –Апырмай, Жыланбаевтар қасымызда жүр екен ғой, -деп қазталовтықтар қайран қалған болатын.
26 маусым күні Мержан мен Еділжан өздерінің туған ауылына «Бостандықтық марафон» атағын қалыптастыру үшін 65 шақырым жерді жүгіріп өтті. Таңғы сағат 4-00-де басталған жүгіру Бостандық-Қаракөл-Әжібай-Қазталов-Бостандық ауылына дейінгі 65 шақырымды артқа тастап, 9-37-де желаяқтар Бостандыққа келді. Бір өкініштісі, Еділжан Қосболов жарақатына байланысты Әжібай ауылында марафонды тоқтатса, 24 жастағы Мержан діттеген мақсатына жетті. Ал кешеден бері 40 градустан түспей тұрған ми қайнатар ыстықта жүгіріп өту – нағыз мықтылықтың көрінісі.
Міне, Бостандықтық «Жыланбаевтар» Астананың 20 жылдық мерекесі алдында осындай сый жасады.
Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,
Қазталов ауданы