Мәншүк Мәметованың ескерткіші, амфитеатр, «Сиқырлы лабиринт» ладшафтық инсталяциясы, таным алаңдары – осының бәрін Астанада бүгін ашылған «Ақжайық» тынымбағында көруге болады. Мұндай сыйды елордаға Батыс Қазақстан облысы жасады. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын тынымбақтың ашылуымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады. Бұл жайлы Akorda.kz xабарлады.
«Ақжайық» тынымбағы Жеңіс пен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында орналасқан. Халықтың демалысына арналған тынымбақта су бұрқақ пен 100 адамға арналған амфитеатр орналасқан. Оған қоса, онда «Сиқырлы лабиринт» ладшафтық инсталяциясы, «Галактика», «Өнер», «Көлемді ойлауды дамыту», «Физика», «Математика», «Логика» сияқты таным алаңдары бар.
Демалыс орталығына көрік беріп тұрған ерекше нысан - Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметоваға арналған ескерткіш. Ескерткіштің биіктігі – 3,6 м, постаментпен 6,1 м.
Сондай-ақ белсенді демалыс орында баскетбол және жүгіру алаңдары қарастырылған.
Еске сала кетейік, еліміздің барлық өңірлері мен Алматы қаласы «Өңірлерден Астанаға» жобасын іске асырып жатыр. Оның аясында елордада жаңа он нысан пайда болады.
zhaikpress.kz