4.07.2018, 13:19
Оқылды: 46

Қызылағаш 2,5 млн. теңгені қайда жұмсамақ?

Kyzylagash (1) Cырым ауданы әкімдігінің елді мекендердегі «Ашық есік» күндері жалғасуда. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев әріптестерімен бірге Аралтөбе ауылдық округіне қарасты Қызылағаш ауылындағы тұрғындармен кездесуге қатысты.


Кездесудің күн тәртібіне сәйкес, тұрғындар әуелі округ әкімі Әділхан Мұхитовтың жасалған жұмыстар жөніндегі хабарламасын тыңдады. Қызылағашты кейінгі жылдары электр жарығы өзекті мәселеге айналған болатын. Мәселеге жергілікті биліктің назары түскеннен кейін желілер жаңартылып, бағаналар ауыстырылды. Қызылағаштықтар жағдайдың түзелгені үшін қуанышты екендіктерін айтты.

Ауылдағы Қызылағаш негізгі мектебінде бүгінгі күні 42 оқушы білім алады. Педагогтар мен оқушылар білім, спорт және шығармашылық сайыстарда аудан, облыс көлемінде үлкен жетістіктерге ие болып жүр. Әрине, ауыл мектебінде мәселелер де жоқ емес. Жуық арада мектеп парталары, соның ішінде мұғалімдерге арналған үстелдер жаңа үстелдерге ауыстырылуы мүмкін. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бұл ұсынысқа қолдау білдіретінін айтты.

KyzylagashТұрғындармен болған кездесуде, негізінен, шаруашылық мәселелері айтылды. Сапалы мал азығын дайындау, қыстаққа қамдану әдетінше дәстүрлі мәселе болып қала бермек. Соңғы жылдары Аралтөбе ауылдық округінде мал басының азаюы байқала бастады. Аудан әкімі бұл мәселе түліктің өсімталдығы бәсеңдегеннен емес, малдың есебі дұрыс жүргізілмегеннен болып тұр деген пікірде. Себебі мал есебін алуда, ветеринарлық шараларды жүргізуде салғырттықтар байқалып отырған жалғыз округ Аралтөбе емес. Аудан басшысы ауыл әкімі мен ветеринар мамандарға мал шаруашылығын жүргізуде жұмыстарына жауапты болуларын тапсырды.

Қызылағаштықтар «Туған жер» бағдарламасына үн қосу, ауылдарына жәрдем беру мақсатында бүгінгі күні 2,5 млн. теңге қаражат жинап қойыпты. Тұрғындар бұл қаржыға ауылдың кіре берісіндегі 9 шақырым жолға бор төгуді жоспарлап отыр екен. Аудан әкімі табаны тозған жолға бор төсеудің тиімсіз екенін, олай етсе, қаражат босқа рәсуа болатынын бірден айтты. Қызылағаштықтар ендігі жерде, жиналған қаржыға ауыл үшін қандай игілік ұйымдастырсақ екен деп ойлануда.

Түске жақын «Ашық есік» күндерінің аясындағы кездесу округ орталығы Аралтөбе ауылында өтті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале