16.07.2018, 11:11
Оқылды: 74

Мәжіліс депутаттары – Бөрлі ауданында

Aksay deputattarҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Снежана Имашева мен Евгений Козлов Бөрлі ауданына болып, халықтың қамы үшін жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Салынып жатқан нысандарды бағамдап, «Конденсат» кәсіпорнынның жұмысымен көрді.


Ақсайдың солтүстік бөлігінде бой көтерген бөбекжай жақын күндері пайдалануға беріледі. Мектепке дейінгі жаңа мекеме 1 жас 3 айдан асқан сәбилерді қабылдайды. Аталған нысан пайдалануға берілсе, қаланың солтүстік бөлігіндегі бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі. Қазірдің өзінде жаңа бөбекжайға ұл -қызын бергісі келетін ата-ана көп. 240 орынға арналған бөбекжайда 70-тен аса тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Бөбекжай соңғы үлгімен жабдықталып, мультимедиялық, интерактивтік тақталармен, баланың ой-өрісін дамытатын ойыншықтармен қамтылмақ. Аталған нысанның салынуына 614 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Он бір топқа арналған нысан ерекше жобамен салынған.

Ғимаратты салынған мердігер нысанға екі жылдық кепілдік барын айтады. «Құрылысқа қажетті материалдар мен жиһаздардың барлығы - отандық өнім. Барлығы да сапалы салынған. Ғимараттың ішкі жұмыстары бітті. Енді көгалдандыру жұмыстарын аяқтауға қалдық. Жалпы, нысанның салынуына 120 адам қатысса, соның 80 пайызы - жергілікті тұрғындар. Өткен жылдың тамызында құрылысы басталған нысанды уақытылы аяқтадық» - дейді «Наурыз» ЖШС директоры Азамат Ғұбайдуллин.

Айта кетейік, Бөрлі ауданы бойынша 3-6 жас аралығындағы балалар  жүз пайыз балабақшамен қамтылды. Ал балабақша жасына жетпеген үш жасқа дейінгі 2 мыңнан астам бүлдіршін өз кезегін күтуде.

Бұдан кейін халық қалаулылары Бөрлі ауылында бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыстарына бас тіреді. Аталмыш нысан да ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі. Сауықтыру кешенінде бокс, ауыр атлетика, ойын залдары болады. Одан өзге бұқаралық спортты дамыту үшін аудан әкімдігі кешен жанынан хоккей мен футбол алаңдары салынады деп жоспарлап отыр.

Жалпы, Бөрлі ауылын көркейту жолында көп жұмыс атқарылды. 4200  халқы бар ауылға тек өткен жылдың өзінде 5 миллиард қаражат құйылды. Былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауыз су кіргізілді. Ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалды. Бүгінде ауылдың басты көшесі тақтайдай тегістелуде.

Депутаттар сонымен қатар өңірдегі ірі кәсіпорын «Конденсат» АҚ-ның жұмысымен де танысты.

Құрамына дизель отынының компоненттерін гидротазарту қондырғысы кіретін «К5» экологиялық класты дизель отыны жобасы іске қосқан кәсіпорынның шикізатты сараптау жұмысында да артықшылық көп. Кеден одағының техникалық регламенттеріне және барлық мемлекеттік талаптарға сәйкес келетін зертхана жұмысымен танысқан меймандар, зертхананың мүмкіншілігін бағамдады. Экспорт және импорт шикізаты мен дайын өнімді тексеретін құрылғылар Жапония, Франция, Ресей елдерінен әкелінген екен. 450-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын еліміздің экономикасының дамуына  зор үлес қосуда.

«Бөрлі ауданына жасаған сапарымыздан  ел игілігіне атқарылған жұмыстардың  нәтижелі екендігін көрдік. Жергілікті экономиканың  жылдан-жылға дамып, халықтың күнкөріс деңгейінің жақсарып келе жатқандығы қуантты. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын біз сайлаушылармен кездескенде ауыз су, көгілдір отын, жол, балабақша мен жұмыссыздық мәселесі өзекті еді. Бүгінде бұл мәселе түбегейлі шешілді. Жалпы, тұрғындар бізден бүгінде денешынықтыру-сауықтыру кешенін, бассейн, Мәдениет үйін салып беруді сұрайды. Бұл да еліміздің дамып, халықтың әл-ауқатының артқаны деп білеміз», - деді Мәжіліс депутаты Снежана Имашева.

Халық қалаулылары моноқаладағы өткен жылы атқарылған жарқын істерге оң бағаларын берді.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале