Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына орай Дариян ауылдық округі Озерный ауылында мемлекеттік қызметшілер арасында туриада өтті.
Туриадаға ауылдық округ әкімдері аппараты, дербес бөлімдер мен мекемелерден құралған 12 команда қатысып, кезең-кезең бойынша өзара бақ сынады.
Сайыста мемлекеттік қызметшілер жылдамдыққа арқанмен жүріп өту, ошақ жағу сияқты әр қилы туристік тапсырмаларды орындауда шапшандық танытып, ептіліктерін көрсетті.
Екі күн бойы далалық жағдайда шатыр тігіп, алау жағып, түрлі ойындар ойнап, əн салған қатысушылар табиғат қызықтарына қанықты. Туриада мемлекеттік қызметшілер арасындағы өзара туристік тәжірибе алмасу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жаяу туризм техникасын насихаттау және дамыту, техникалық-спорттық шеберліктерін шыңдау мақсатын көздеді.
Туриаданың ашылу салтанатында сөө сөйлеген аудан әкімі Асхат Шахаров:
- Зеленов ауданы жасыл өлкелі, табиғаты көркем әрі ерекше мекен болғандықтан, туризм саласын дамыту - басты міндет. Бүгінгі сайыста сіздерге сəттілік пен жеңіс тілеймін, - деді құттықтауында.
Туриадаға қатысушыларды арнайы құттықтай келген қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қуаныш Нұрым қолына гитарасын алып, жанды дауыста əн салып, баршаны қуанышқа кенелтті.
Екі күнге созылған жарысқа қатысушы командалар өздерінің ептіліктері мен жылдамдықтарын, төзімділіктерін көрсете білді.
Аталмыш туриадада жалпы есеп бойынша І орынды "Сұңқар" командасы, ІІ орынды "Достық" командасы, ІІІ орынды "Шаңырақ" командасы еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімінің орынбасары Ринат Шауенов, аудан əкімі аппаратының басшысы Абат Көбенов құттықтап, дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыстады.
Ертай БИМҰХАНОВ
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz