6.08.2018, 18:27
Оқылды: 167

Батысқазақстандық өнер шеберлері бас қаланы думанға бөледі (СУРЕТ)

Есілдің бойындағы еңсесі биік елордамызда Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Батыс Қазақстан облысы өнер шеберлерінің "Ақжайық асқақтайды Астанамен" атты концерттік бағдарламасы өтті. Бас қала тұрғындары мен қонақтарына әуелеген ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған биден керемет көңіл күй сыйлаған облысымыздың 250 көркемөнерпазы Астана төрін бір күн бойы думанға бөледі.

 Айта кетейік, бұл – батысқазақстандық өнер шеберлерінің елорда халқына алғашқы концерттік тартуы емес. Дегенмен, бұл жолғы мерекелік өнер бағдарламасының жолы бөлек. Біріншіден, өңірдің айтулы көркемөнерпаздарынан құралған өнер шеруі әлемге елдігімізді танытқан бас қаламыздың 20 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр. Екіншіден, өнер шеберлері бір ғана концертпен шектелмей, бірнеше мерекелік бағдарламаларын ұсынды. Үшіншіден, Астананың торқалы тойына Батыс Қазақстан облысының атынан сыйға тартылған «Ақжайық» тынымбағындағы Өнер сахнасының (амфитеатр) салтанатты түрде тұсауы кесілді десек те болады.

Батыс Қазақстан облысы өнер шеберлерінің қатысуымен елорда төрінде өткен думанды шараның ауқымы кең, мазмұны жағынан ерекше болды. Себебі, түс ауа басталып, күн батқанға дейінгі жалғасқан мерекелік бағдарлама Ақжайық өңіріндегі халықтың бас қаламызға деген кең пейілін, дархан көңілін жан-жақты айшықтап жатты. «Ақжайық асқақтайды Астанамен» деп Фархат Оразов, Күләш Қуанышқалиева, Ернар Өмірәлі бастаған әншілер әуелеткеніндей, елордаға қарап бой түзеген облыстың өнерпаздары тарту еткен мерекелік салтанаттан қос шаһардың достық рәуіштері мен ыстық ықыластары айқын сезіліп тұрды.

Түс ауа «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде бастау алған мерекелік бағдарламаның шымылдығы Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен «Ақжайық» халықтық және «Қызғалдақтар» үлгілі би ансамбльдерінің «Ақжелең» биімен ашылды. Ұлттық мәдени орталықтың ауласында ине шаншар орын қалдырмаған астаналық тұрғындар мен елорда қонақтары бұл бағдарламада халық әндері мен ұлттық опера, күй өнері, елімізге белгілі композиторлардың әндерімен сусындап, мың бұрала билеген бишілердің көз ілеспес қимылдарына толассыз қол соқты.

Ал, кешкілік «Ақжайық» тынымбағының амфитеатрында өз жалғасын тапқан концерттік бағдарламаны тамашалауға келген тұрғындардың саны тіптен қалың болды. Бұл кеште ару Ақжайықтың елінен келген күміс көмей, жезтаңдай әншілер елорда көгінде қазақ халық әндерінен бастап, әлем композиторларының классикалық әуендерін шарықтата орындады. Батысқазақстандық композиторлардың туындыларымен қатар, «Ұлы дала ұраны» секілді хореографиялық композициялар думанды шараның ажарын кіргізе түсті.

Қасиетті де қастерлі мекен, талай өнер саңлақтарының ізі қалған Ақжайықтың ыстық сәлемін бас қалаға ала келген батысқазақстандық өнер шеберлері – «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Ақылбек Бектасов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Қанатқали Қожақов, еліміздің Мәдениет саласының үздіктері Армат Исламғалиев, Майра Хайдарова, Дария Бақытова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Марат Сарупеев, Эльмира Османова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Нұргүл Оразғалиева, Дамир Сатыбаевтардың құшағын елордалықтар гүлге толтырды. Осындай аға-апаларының ізін жалғап келе жатқан жас өнерпаздар – Жұлдызбек Өтешқалиев, Азат Қабиев, Рүстем Кереев, Бибігүл Берекетова, Дархан Құлбабаев, Рима Нұрсұлтановаларға да халық айрықша қошемет-құрмет көрсетті.

Сондай-ақ, «Назерке», «Ақжайық» халықтық және «Қызғалдақтар» үлгілі би, «Шежіре», «Жайық толқыны» фольклорлық, «Скифы» вокалды аспаптар ансамбльдері, «Әдемі», «Үш қоңыр» триолары да астаналық тұрғындардың ерекше ілтипатына ие болды.

– Бүгінде бүкіл ел бас қаланы мақтан тұтып, елордағы қарап бой түзейді. Жақында ғана өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткен Астана – біздің ұлттық брендіміз. Елбасымыз Есілдің жағасында бой көтерген елордамызды әлемнің көрікті қалаларының біріне айналдырды. Біз бүгін бас қаламыздың мерейтойына ортақтасып, сонау батыс өңірінен, киелі мекен Ақжайық халқының ыстық сәлемін ән мен күй тілінде жеткізіп отырмыз. Өзіңіз көргеніңіздей, елордалық тұрғындардың қарасы қалың, ықыластары ерекше. Ерекше атап өтерлік жәйт, Астананың туған күніне біздің облысымыз сыйға тартқан «Ақжайық» тынымбағының амфитеатрында тұңғыш концерт өткіздік. Болашақта бұл өнер сахнасы тек жарқын мерекелерге толы болады деп сенеміз, – дейді Астанаға өңірдің өнер шеберлерін бастап келген облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Осылайша, бір күн бойы Астананы ән мен жырға бөлеп, елордалықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған батысқазақстандық өнер шеберлерінің мерекелік концерті бас қала көгінде көпке дейін қалықтап жатты.

 Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист

Орал-Астана-Орал

Astana 20 (8)

Astana 20 (165) Astana 20 (169) Astana 20 (174) Astana 20 (200) Astana 20 (215)Astana 20 (22) Astana 20 (27) Astana 20 (43) Astana 20 (45) Astana 20 (47) Astana 20 (104) Astana 20 (143)Astana 20 (7)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале