Бүгін Жәнібек ауданына Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Вена қаласындағы халықаралық ұйымдардың тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай, ғалымдар Майра Сарыбай, Құралай Ахмедиевалар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауданымызға ат басын тіреді.
Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бастап келген қонақтарды жолдан аудан әкімі Азамат Сафималиев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Қадимов күтіп алды. Аудан орталығына келген олар облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөліміне барды. Мұнда музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова қонақтарды жылышыраймен қарсы алып, музейдің жұмысымен жан-жақты таныстырды. Қайрат Шораұлы, әсіресе, аудан, Жәнібек атауының шығу тарихына, ауыл шаруашылығы құралдары мен көне бұйымдарға, ақын, ойшыл Ғұмар Қараш, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсанов, Ұлы Отан соғысы туралы деректерге ерекше қызығушылық танытты. Музейдің төменгі қабатында орналасқан «Соғыс оты шарпыған Жәнібек панорамасы» залын тамашалап, біраз мәліметтерге қанықты.
Бұдан кейін қонақтар Талов ауылдық округіндегі Ғабит Сарыбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-балабақша кешеніне жүріп кетті.
А.ЕСІРКЕПОВ,
Жәнібек ауданы