Зеленов ауданы орталығындағы кітапхана қорында 44 мыңға жуық кітап бар. Тек 7 мыңы ғана қазақ тілінде. Әрине, өте аз.
Алайда жыл санап, қазақ тіліндегі оқулықтарға деген сұраныс артып келеді. Сондықтан, қазақ тіліндегі кітаптың да көбейгендігі жөн.
Неліктен әлі күнге дейін қазақ тіліндегі кітап аз? Кітап қоры жаңартыла ма? дегендей сұрақпен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Жаңабаеваға жолықтық.
- Бір кездері қазақ тіліндегі кітап қазіргіден де аз болды. Осы күнге дейін жаңа кітаптар алуда қиындықтар тап боп келдік. Былтырдан бастап, жаңа әдебиеттерді аудан әкімдігі арқылы алуға мүмкіндік туды. Өткен жылы 6 мыңға жуық кітапты есептен шығардық. Әрине, әдебиет жаңартамыз деп кез келген кітапты есептен шығаруға болмайды. Бірінші кезекте мазмұны жағынан ескірген, жыртылып, мүжілген кітаптар есептен шығарылады. Жаңадан келген кітаптардың дені қазақ тілінде. Болашақта мемлекеттік тілдегі кітаптар саны тек өсіп отыратын болады, - деп жауап берді кітапхана басшысы.
Оқу-ағарту, тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын оятуда қыруар шаруа атқарып жүрген кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Десек те ана тіліміздегі кітаптардың көп болғаны ана тіліміздің дамуына сеп болған болар еді?!
Мемлекеттік тілдегі кітаптардың аздығы орталық балалар кітапханасында да сезіледі. Аталмыш кітапхана меңгерушісі Зәуреш Габдулиеваның айтуынша, балалар кітапханасындағы 16 мың кітаптың тек 2 мыңы ана тілімізде.
- Аудандық балалар кітапханасындағы мемлекеттік тілдегі кітаптардың аз екені рас. Дегенмен жаңа түсіп жатқан әдебиеттердің 90 пайызы ана тілімізде. Оқырмандарымыздың нобайы аудан орталығындағы Қасым Аманжолов мектебінің оқушылары. Оқырман сұранысын қанағаттандырардай қорымыз бар. Ертегілер мен әңгімелер, түрлі танымдық бағыттағы кітаптар да жетерлік. Мектеп оқушыларына қажетті анықтамалар да бар, - деген Зәуреш Шайдолқызының айтуынша, балалардың көбі қазақ тіліне аударылған шетел жазушыларының шығармаларын оқиды екен.
Ал отандық жазушылардың кітаптары мен шығармалары жоқтың қасы. Бірақ бұл басқа әңгіме...
Түгелбай БИСЕН,
Зеленов ауданы