Зеленов ауданына барған қызметтік сапарында облыс әкімі Алтай Көлгіновпен кездесу барысында шаруалар өздерін толғандырған жол мәселесін ортаға салды. Қай ауданға барса да, алдынан шығатын бұл мәселенің біртіндеп шешімін табатындығын айтты өңір басшысы.
- Өңірдегі жол мәселесін ең жоғары деңгейде көтердік. Биыл Хан Ордасына дейінгі 336 шақырым жолдың құрылысы басталады. Үш жылда бітіру көзделіп отыр. Орынборға қарай баратын 144 шақырым жол бар. Барлығының жобалық-сметалық құжаттамаларын жасауымыз керек. Бұл мақсаттың өзіне 600 миллиондай қаржы бөлініп отыр. Бір сөзбен айтар болсақ, сең қозғалды. Жоспарымызда барлық аудан орталықтарына барар жолдарды жөндеу бар. Биылдан қалдырмай, аудан орталығындағы жолдарды жасаймыз, - деді.
Зеленовтық шаруагерлердің жағдайымен танысып, мәселелеріне қаныққан Алтай Сейдірұлы кадр мәселесіне көбірек көңіл бөліп, жаңа технологиялар мен ғылым жетістігін ауыл шаруашылығына енгізу жайын да тілге тиек етті.
Облыс әкімі А.Көлгіновтің Зеленов ауданына жасаған сапары барысында аудан әкімі Асхат Шахаров бірге жүрді.
Түгелбай БИСЕН
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz