Бөкей ордада М.Мәметова атындағы мектептің жанынан бой көтерген жаңа жатақхана ғимараты пайдалануға берілді.
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Аязбаев жалпақ жұртышылқты мерекемен құттықтады.
-Елбасы білімді ұрпақ тәрбиелеуді басты мәселе етіп қойды. Ол – ата-аналар мен ұстаздарға, баршамызға ортақ міндет. Бұл міндетті орындауға жағдай да жасалып жатыр. Соның бір дәлелі – мына заманауи үлгідегі жатақхана. Игілігіңізге пайдаланыңыздар. Жас балғындарға сәттілік тілеймін!, - деді.
Мердігер «Альфа Строй Сервис» ЖШС-ның өкілі Серік Басаров нысанның уақтылы аяқталуына қол ұшын берген аудан басшылығы мен тұрғындарға ризашылығын білдіріп, интернаттың символикалық кілтін мектеп директоры Асылхан Аманғалиевке табыстады. Су жаңа жатақхананың лентасын мектеп директоры Асылхан Тельманұлы мен ардагер ұстаз Күлаш Байжұмашева қиып, дәстүр бойынша шашу шашылды.
Айта кетелік, бұл жатақхана 70 тәрбиеленушіге арналған. Бөлмелері кең де жарық, балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына толық жағдай қарастырылған. Сондай-ақ, кабинеттер заманауи оқу құралдарымен қамтылса, асхана, балалар демалатын орын, кітапхана, дәрігерлік көмек көрсету бөлмелері бар. Ауласында ойын алаңы да жабдықталған. Жалпы құны 321 млн. теңге құрайтын интернат құрылысын «Альфа Строй Сервис» ЖШС 9 айда аяқтады.
Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов «Альфа Строй Сервис» ЖШС ұжымына алғысхат пен ескерткіш сыйлық табыс етті. Шоңайлық зейнеткер мәдениет саласының ардагері Сағира Қажығалиева бажерлестерін жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, батасын берді.
Айша ҚҰРМАШ,
Бөкей ордасы ауданы