11.09.2018, 9:15
Оқылды: 45

Қазталовта еңбек ері Нүпи Дүйсенғалиевті еске алды

Қазталов ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округінің Көмекші елді мекенінде еңбек ері Нүпи Дүйсенғалиевтың туғанынан 100 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті.

IMG_9676

Көмекші ауылы Социалистік Еңбек ері Нүпи Дүйсенғалиевті жақсы біледі. Ауданның дамуына зор үлес қосқан жанды еске алу, ұрпақтары, жерлестері үшін - парыз. Соғыстан кейінгі жылдары шопан болған еңбектің адамы рекордтық дәрежеде төл алып, өз заманында өзгелерге үлгі болды. Соғыстан соңғы ауыр жылдары халық шаруашылығын көтеруге еңбегі сіңді. Бүгінде өзі тұрған Көмекші ауылындағы білім ордасы мен көше Нүпи Дүйсенғалиевтің есімімен аталады.

Еңбек ерінің ұрпақтары ең алдыменен Жалпақтал ауылындағы Нүпи Дүйсенғалиевтің кеуде тұғырына гүл шоқтарын қойып еске алудан бастады. Мұнан кейін Еңбек ерінің есімімен аталатын білім ордасында фотосуреттері, тұтынған заттары қойылған шағын көрме ұйымдастырылды. Шараға Жаңажол ауылдық округінің әкімі Қайыржан Өмірәлиев, еңбек ерінің ұрпақтары, білім ордасына есімін беру жөнінде ат салысқан, мектеп директоры болған Тілемес Жұмайұлы, Нүпи атаның немересі Нұрбек Ермекұлы қатысып, естеліктермен, Еңбек ерінің өнегелі өмірі жайында сыр бөлісті.

Немересі Нұрбек Ермекұлының мұрындық болуымен өткен еске алу шарасына ас беріліп, шара дала қызықтарымен жалғасты. Дала қызығында лоторея билеттері де ойнатылып, үздіктер анықталып жатты.

Бәйге десе делебесі қозып, қиқу қосып «Ер қанаты – ат» деп жілпінетін халықтың да қарасы алаңда көп болды. Ең алдымен«алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» демекші, 6 шақырымдық тай жарысы басталды. Тай жарысында ІІІ боп қазталовтық Ернұр Есполов келсе, ІІ орынды Тайпақ ауылынан келген Мақсат Махамбетұлының тайы келді. Ал жалпақталдық Ербол Қабдығалиевтың тайы мәре сызығын бірінші болып кесті. Мұнан кейін 18 шақырымдық аламан ат бәйгесіне кезек берілді. Өзге аудандардың да шабандоздары қатысқан ат бәйгесі 3 айналымнан тұрды. Мәреге дара келген оразғалилық Қолғанат Әдиетовтың сәйгүлігі I орынды иеленсе, Мақсат Махамбетұлының (Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылы) сәйгүлігі II орынды қанжығасына байлады. Ал Жаңақала ауданы Пятимар ауылынан келген Темірболат Қарабалииннің қылқұйрығы III орынды олжалады.

Жаяу жарысыда оздырылып, жел маяшылар үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ, бұл күні қазақтың ұлттық ойыны қазақ күресі өте тартысты өтті. Білекті, жүректі жігіттер жүлдені өзара сарапқа салды. Жалпақталдық Бейбіт Мәдиев қарсылас шақ келтірмей 1 орынды жеңіп алса, Көктерек ауылынан  келген Бегайдар Меңдешов 2 орынды, жалпақталдық Асылхан Өтебаев 3 орынды қанағат тұтты. Ал қол күресінде көмекшілік қос азамат Нұрсұлтан Бекболатов пен Рауан Қалимуллин ІІІ-ІІ орындарды өзара бөліссе, І орынды Жаңажол ауылының тұрғыны Ералхан Есмұханов олжалады.

Барлық жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.

Тұрарбек АҚМЫРЗА,

Қазталов ауданы

IMG_9672 IMG-20180910-WA0030

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале