Шаһардағы Салтанат сарайында «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» атты форум өтті.
Іс-шараға «Бірлесе даму» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қорының президенті Нұргүл Қарағойшина, облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, БҚО облыстық сотының төрағасы Бек Әметов, прокуратура және ішкі істер салаларының басшылары мен өкілдері, басқарма басшылары, өңірдің зиялы қауымы, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.
Жиынды Нұргүл Қарағойшина кіріспе сөзімен ашып, қатысушыларды «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының мақсатымен таныстырып, Жоғарғы Сот жұмыс топтарының қызметі туралы мәлімдеді.
Оның айтуынша 2013-2017 жылдар аралығында қаралған сот істерінің саны екі есеге артқан. Осылайша, Қазақстанда елдің әрбір төртінші тұрғыны қандай да бір сот процесіне қатысқан болып шығады. Бұл ретте ол, статистикаға сәйкес сот дауларының басым бөлігі ажырасу мен алимент төлеуге қатысты отбасылық даулар екенін нақтылап кетті.
-Бүгінгі таңда республика бойынша сот жүйесінде тіркелген арыз-шағымдардың саны 3 миллионнан асып отыр. Егер сот көмегіне жүгінген адамдардың екі тараптан тұратынын ескерсек, еліміздегі 6 миллионнан астам адам соттасып жүр деген сөз. Ең қорқыныштысы әке-шеше мен баланың, ағайын мен ағайынның, достардың, көршілердің арасындағы дау-дамай жиілеп барады. Бұл біздің ұлт ретіндегі тұтастығымызға, халық ретінде ауыз біршілігімізге, тіпті тәуелсіздігімізге кері әсерін тигізетін қауіпті індет. Сондықтан осы заман қасіретімен жабылып күресуіміз керек,-деді Нұргүл Ерболатқызы.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірдегі медиация институтын дамыту мақсатында қолға алынып жатқан бір қатар иістерге тоқталып өтті.
Сондай-ақ форумда сөз сөйлеген ҚР Жоғарғы Сотының қызметкері, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының әкімгері Гүлнар Боранбаева өз баяндамасында медиацияның даулар мен қақтығыстарды реттеудің нақты құралы болып табылатынын, медиацияның дамуы елдегі қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті қамтамасыз етуге ықпал ететіндігін атап өтті. Сонымен қатар облыстың аудандарында және қалаларындағы дәстүрлі «қазақ заңы» негізінде дауды шешу қабілеті бар ақылды ақсақалдар мен құрметті адамдар арасынан билер кеңесін құру туралы мәселеге тоқталды.
Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Аметов өз сөзінде медиация мәселелері бойынша облыс соттарының жалпы жағдайына тоқтала отырып, статистикалық деректерін келтірді және медиация институтын дамыту жөніндегі Жоғарғы соттың бастамалары, соның ішінде Билер кеңесін құру облыс соттарында және тұрғылықты халық арасында кең қолдау тауып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ жалпы Билер кеңесі мен медиация институтын одан әрі дамыту қоғамда жанжалдардың төмендеуіне оң әсерін тигізетініне сенім білдіріп, іс-шараға қатысушыларды медиация институтын дамыту бойынша белсенді және бірлескен жұмысты жалғастыруға шақырды.
Форум соңында кездесуге қатысушылар өзара пікір алмасып, медиация институтын дамытудың маңыздылығын қолдап, оны дамыту қажеттілігі және оны насихаттауға дайын екендіктерін айтып, іс-шараның ұйымдастырушыларына Жоғарғы Соттың идеялары мен бастамаларын қолдайтындықтарын жеткізді.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
Zhaikpress.kz