Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі» тақырыбына арналды.
Тақырыпты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов тарқатты. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысына жаңа пилоттық жүйені енгізуге тапсырма берілген болатын.
– Пилоттық орган ретінде Агенттік, ҚР Әділет министрлігі, Астана және Маңғыстау облысы әкімдігі анықталды. Бұл жоба 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 5-6 қадамдары шеңберінде басталды. Қазіргі таңда қызметкердің еңбек ақысы жұмыс өтілі мен оның атқарып отырған лауазымының санатына байланысты. Сонымен қоса қызметкер орындайтын жұмыстың тиімділігі мен күрделілігі ескерілмейді. Ал үстемақы, сыйақы түрінде ынталандыратын төлемақылар бірдей көлемде төленеді, - дейді Болат Әлмұханұлы.
Спикердің айтуынша, жаңа жүйе орталық пен өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің, сондай-ақ мемлекеттік және жеке сектордағы қызметкердің еңбекақысындағы сәйкессіздікті жояды.
Ясипа РАБАЕВА,
zhaikpress.kz