26.09.2018, 9:16
Оқылды: 87

Бөкей ордасында «Ашық əкімдік» қабылдауы өтті

Бөкей ордасы ауданының Темір Масин ауылдық округі Бөрлі ауылында «Ашық əкімдік» қабылдауы өтті.

орда (2)

Шараның ашылуында аудан əкімі Нұрлан Рахымжанов бұл жобаның екінші мəрте жүзеге асып жатқанын, тұрғындарды бірге келген бөлім басшылары қабылдайтынын айтты. «Ашық əкімдіктің» бір пайдасы - алыс ауылдарда тұратын жұртшылық аудан орталығына келіп, мекеме басшыларының қабылдауын сарыла күтпейді.

Мысалы, Бөрлі ауылы аудан орталығынан 140 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл тұрғыны Рима Каденова шарада аудан əкімі Нұрлан Рахымжановқа тікелей жолығуға мүмкіндік алды. Рима төрт жылдан бері жұмыссыз. Екі баласының біреуі Орал қаласындағы колледжде, біреуі ауылдағы мектепте оқиды. Əкім қабылдауында тұрғынның мəселесі шешімін тауып, балабақшаға кір жуушы ретінде орналасатын болды. Бөрлілік Жалмұқан Хабибуллин үйіне тартылатын ауылішілік газ құбыры жобасында қателік барын шараға қатысқан «Қаз ТрансГазАймақ» АҚ-ның Бөкей ордасы бөлімшесінің шебері Рахымжан Кенжеғалиевке айтқан. Бөлімше шебері оған құрылыс жүргізуші серіктестік жобаға түзету енгізуі тиіс екенін тілге тиек етті.

Айта кетейік, биыл Саралжын, Темір Масин, Ұялы ауылдық округтерінде көгілдір отын тарту жұмысы жүргізілуде. Темір Масинде 1500 тұрғын бар. Ауылдық округте демографиялық өсім жақсы. Округ əкімі Меңдібай Қитановтың сөзінше, жылына 30-35 сəби дүниеге келеді. Бөрліде 50 орындық балабақша бар. Бірақ биыл балабақшаға баратын балалар саны 75-ке жеткен. Сондықтан балабақшаны ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттің екі қабатты ғимаратына ауыстыру бағытындағы құзырлы органдармен келіссөз сəтті аяқталған. Қазіргі уақытта қос мекеме ұжымы орын ауыстыру қамында.

«Ашық əкімдік» қабылдауы Бисен ауылында жалғасты. Мекеме басшыларына 15-тен астам тұрғын жолықты. Олардың біразы баспана мəселесін қозғады.

- Бөрліде 6, Бисенде 8 адам қабылдауымда болды. Олар газ құбырын тарту жобасына қатысты құжаттар жəне үй кезегіне тұру жайын сұрады. Соған байланысты бағыт-бағдар бердім, - деді аудандық тұрғын үй - коммуналдық, шаруашылық, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимуллин.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Бөкей ордасы ауданы

орда (3)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале