1.10.2018, 15:45
Оқылды: 56

Қарауылтөбеде күрес залы және спорттық ойын алаңы ашылды

Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылының жұрты үшін қоңыр күз қос бірдей қуаныш сыйлап отыр. Мұнда күрес залы мен спорт алаңы салтанатты жағдайда пайдалануға берілді.

DSC_0163

            Кеңшар кезінде, 90-шы жылы салынған асхана ғимараты кейін шаруашылық қызметкері Ғиззат Ихсанға пайға берілген-ді. Кейін Ғиззат Құжатұлы 17 жыл ауылдық округтің әкімі болды. Аталған ғимарат ауылдың ара-тұра біраз қажетіне пайдаланылды, соңғы 9 жыл бойы мүлдем бос тұрған-ды. Ғ.Ихсан ғимаратты ауылға тегін беруді ұйғарды. Әрине, өздерінен жай ысыра салған жоқ, атамекенге жанашыр ауылдастарымен, бүгінде жан-жақта жүрген түлектермен кеңесе отырып, күрес залына айналдыруға келіскен-ді. Жұмылып жіберсе, жігіттер жолында жүк қалған ба?! Міне, 1 млн. теңгеге Ресейден алынған күрес кілемдері мен басқа да қажетті дүниелермен жабдықталып, жөнделген, көлемі 17х12 метр құрылыс өзінің екінші өмірін бастады.

Айталық, бұл үшін қарауылтөбеліктер әлденеше жүз мың теңгесін арнаған Ихсановтарға, сондай-ақ Асылбек Жұмағалиев, Қанат Нәжімеденов, Жалғас Қырымов, Медет Ғұмаров, Қаратай Мұхамбетқалиев, Айдынғали Тәженов, Медет Ермағұлов, қолұшын созған басқа да азаматтарға, ауылға болсын деп ойға-қырға шапқылап жүрген жастар ісі жөніндегі кеңесші маман Жәнібек Абировқа аса разы. Күрес залына жаттықтырушы болып «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауылына келген жас маман Нұрдәулет Фазылұлы тағайындалған. Таяудағы арада азаматтар залдың жылу және су құбырларын да жүргізіп береді.

Ауыл тіршілігіне жаңалықтың лебін әкелген осындай оқиғалармен қарауылтөбеліктерді құттықтаған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұқанова бүгінде тұрғындардың бастамашылдығы талай түйінді тарқататынын әңгімеледі. Биыл ауданның 7 ауылында жергілікті қазына есебінен спорттық ойын алаңдарын салу жоспарланған. Соның бірі Қарауылтөбеде пайдалануға берілді. Доп ойындарына арналған, жасанды жасыл төсемі бар, көлемі 26х13 мұндай нысандарды толық мүмкіндігінде пайдалану қаперден шықпаса, дене шынықтыру ісінде ауылдың ұтары зор болары анық.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Таңатар СӘРСЕНҒАЛИ

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

DSC_0088

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале