2.10.2018, 18:09
Оқылды: 25

Облыс әкімінің орынбасары Теректі ауданында

Теректі ауданына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бастаған жұмыс тобы келіп, ауданның білім беру, мәдениет, спорт саласының қызметкерлері және жастармен жүздесті.

IMG_0094

            Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарын Ақсуат ауылдық округіне қарасты Пойма бастауыш мектебінен бастады. Білім ошағындағы балғындардың ата-аналары мектеп апатты жағдайда деп мәлімдегенімен, облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов ақпараттың шындыққа жанаспайтындығына көз жеткізді. Алайда, мектеп ғимаратына қосымша бөлмелер жалғау керектігі анық. Өңір басшысының орынбасары құрылыс жұмыстарына қажетті құжаттарды дайындауға тапсырма берді.

            Одан кейін жұмыс тобы Ақсуат ауылындағы «Тұлпар» жеке балабақшасының тынысымен танысты. Балабақша 60 баланы қабылдауға мүмкіндігі бар. Осы орайда кәсіпкер үкімет тарапынан қолдау болса екен дейді.

            1985 жылы қолданысқа берілген Ақсуат мектебі мүлдем күрделі жөндеу көрмеген. Мектеп 309 баланы қабылдап, 54 мұғалім білім беруде. Мектепті күрделі жөндеуден өткізу мәселесі жыл сайын қаралғанмен, жүзеге аспай тұр. Білім ордасында интернеттің де жылдамдығы көңіл қуантпайды. Мұғалімдер «Күнделік.kz» секілді білім саласындағы жаңалықтарды пайдалануда ақсақтауы – осы интернеттің жоқтығынан. Облыс әкімінің орынбасары барлық мәселеге қанығып, мектептің күрделі жөндеуін алдағы жылдан қалдырмау керектігін айтты.

            Аудан орталығы Федоров ауылына ат басын бұрған жұмыс тобы Мәдениет үйіне арнайы барып, жуырда ғана ашылған Марабай жыраудың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кейін «Рухани жаңғыру» кабинетінің де жұмысымен танысты.

            Аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында өткен жиынға облыс басшысының орынбасары Ғ.Оспанқұлов, БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Н.Даумов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Сакошев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Аманбаева, БҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары С.Дүйсенов, облыстық білім басқармасының мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және күрделі кірістер бөлімінің басшысы А.Жүнісова қатысты.

            Жиын барысында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ж.Хусайнова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Р.Мүтиев және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Ибраев өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарды айтып, күрмеуі шешілмей тұрған мәселелерді де жіпке тізді.

            Атап айтсақ, Шаған ауылында Мәдениет үйінің болмауы, Жайық ауылдық клубының жылыту маусымына дайын еместігі, Долин ауылындағы Чапаев ЖОББМ-не күрделі жөндеудің аса қажет екендігі, аудан орталығында мұражай ашу мәселесі, аудан бойынша допты хоккейден жаттықтырушының жоқтығы сөз болды. Қуантарлық статистика да бар. Биыл жастар ресурстық орталығына 99 жас жұмысқа тұруға өтінім беріп, оның 76-сы тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, бос жұмыс орындар жәрмеңкесі аясында 22 жас «екі қолға бір күрек» тауыпты. Бұл ауданда жастар арасында жұмыссыздық деген мәселенің күн тәртібінен түсіп жатқандығына бірден-бір дәлел.

            Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлы тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, ауданның даму барысына оң баға берді.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

IMG_0010 IMG_0024

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале