Зеленов ауданына жұмыс сапарымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов және аталмыш агенттіктің БҚО бойынша департамент басшысы Болат Исақов келді.
Лауазымды тұлғалар алдымен аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Одан соң аудандық әкімдікте өткен актив жиынына қатысты.
- 2019 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яки 42 500 теңгеге дейін өсіру үшін «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР-ның заң жобасына тиісті өзгерістер енгізіледі.
Елбасының тапсырмасына сәйкес 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметкердің еңбекақысы көбейеді. Олардың еңбекақысы орта есппен 35%-ға өседі.
Батыс Қазақстан облысында экономиканың барлық саласы бойынша жұмыс істейтін 60 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өседі, - деді Саян Қылышұлы.
Саян Ахметжановтың айтуынша, демографиялық өсуге байланысты жұмысшы күштерінің ұсыныстары да өспек. Сондай-ақ жыл сайын 300 мың жас еңбек рыногына келетін болады. Сондықтан жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударылмақ.
- Мемлекет басшысы қойған тапсырманы шешу үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекетттік бағдарламасының өзекті мәселелері шеңберінде еңбек өнімділігін арттыру және қайта өңделген өнімді экспортқа шығаруды 2,5 есеге ұлғайту, өнеркәсіптегі бәсекелестікті күшейту және оны технологиялық қайта жабдықтауды қажет етеді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 100 млрд. теңге бөлінетін болады. Бұл агро өнеркәсіп кешені алдында койылған мәселелерді толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ,
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!