23.10.2018, 15:51
Оқылды: 51

БҚО-да мемлекеттік бағдарламалар бойынша 26 көп пәтерлі тұрғын үй салынуда

Оралда жыл соңына дейін алты үй тапсырылады. Бұл жайлы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында тұрғындарға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынатын мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпарат пен кеңес беру мақсатында өткен «Ашық есік» күнінде айтылды.

 5ea17e97-4cab-47fd-9621-0cf6f2268ee1Бұл шараға «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыратын екінші деңгейлі 6 банк пен өңірдегі көп қабатты  тұрғын үй салатын «Орал Полимер» ЖШС, «Караванный путь» ЖШС, «Степной Леопард ЛТД» Бірлескен кәсіпорын» ЖШС, «KHAN GROUP» ЖШС, «Alem Group Kazakhstan» ЖШС секілді басқа да құрылыс компаниялары қатысты. «Ашық есік» күнінде келушілерге құрылыс компанияларынан пәтер таңдап, екінші деңгейлі банктер арқылы ақша төлеу мүмкіндіктерін есептетіп, жан-жақты кеңес алуға жағдай жасалды. Әсіресе «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері кеңінен айтылды.

ҚР Ұлттық банкі БҚО филиалы директорының орынбасары Сергей Родиннің айтуынша, бұл бағдарлама мультипликативтік нәтиже беру қажет. Ол тек қана банктердің ипотекалық несие беруі бойынша емес, құрылыс саласына да тың серпін әкелуі тиіс. Сондықтан да бағдарлама ұзақ мерзімді басымдыққа ие болмақ. Сергей Родин қазір ипотекалық несие артып келе жатқанын, ал бағдарлама басқа банктер ұсынатын стандарттар бойынша пәтер ала алмайтын тұрғындарға тиімді екенін жеткізді. Сондықтан да Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «7-20-25» тұрғын үйге зәру жандарды барынша кең қамтуды мақсат етеді. Сондай-ақ Сергей Родин айтып өткендей, бүгінде бағдарлама бойынша 100 шақты өтінім мақұлданып, 70 шақты тұрғынға қарыз берілген екен.

- Біздің облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Оралда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде де үйлердің құрылысы жүруде. Яғни апатты немесе ескі үйлердің орнына жаңасы салынуда. Айта кету керек, апатты үйлердің орнына тұрғызылған үйлердің жартысы «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілсе, қалғаны бұрынғы тұрғындардың игілігіне тапсырылады. Жеке құрылыс компаниялары арқылы да үйлер бой көтеруде. Биыл өңірде мемлекеттік бағдарламалар бойынша 26 көп пәтерлі тұрғын үй салынуда. Алты үйді жыл соңына дейін, ал келесі жылы 16 үй тапсыру жоспарланып отыр. Жеке құрылыс компаниялары салған 1300 пәтер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «7-20-25» бағдарламасы бойынша беріледі, - деді шараға қатысқан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиев.

Баспаналы болу жолдары жөнінде кең көлемде ақпарат берген «Ашық есік» күніне жас та, қария да келіп, толғандырған тұрғын үй мәселесі бойынша сұрақтарына жауап алды. Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Қайрат Досановтың айтуынша, шара 300-ден астам тұрғынды қамтыды.

teatr (3)

 

 

Самат ЖОРТАБАЕВ, «Орал Полимер» ЖШС-ның заңгері:

- «7-20-25» бағдарламасы маусым айында іске қосылғалы бері біздің мекеме де тұрғын үйге мұқтаж жандармен  жұмыстануда. Көпшілік осы бағдарлама арқылы үй алғысы келеді. Бұл бағдарламаның ыңғайлы әрі тиімді тұсы - пәтердің 20 пайыздан аспайтын бастапқы жарнамен, 7 пайыздық үстемемен және 25 жылға дейінгі мерзімге берілетіндігі. Мұны үкімет тарапынан халыққа көрсетілген көмек, үлкен мүмкіндік деп білемін. Біздің мекеме үйдің мекенжайына, пәтердің орналасқан қабатына байланысты бір шаршы метрін 150 мыңнан бастап, 170 мың шаршы метрге дейін есептейді. Құрылыс компаниясы 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жұмыстанған болатынбыз. Қазір мемлекеттік және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп қызмет істеудеміз.

Салауат ИМАҒАМБЕТОВ, қала тұрғыны:

- Зайыбым екеуміздің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшот ашып, қаражат жинағанымызға жыл жарым уақыт болды. Қазіргі үйлердің орташа бағасымен есептегенде, 30 пайыздайын жинап қойдық. Екі-үш рет тұрғын үй алу үшін бағдарламаларға қатысқанымызбен, өте алмай қалғанбыз. Енді «7-20-25» бағдарламасы арқылы екі бөлмелі пәтер алғымыз келеді. Бұл бағдарламаны жұмыс істейтін адамдарға қолайлы, қолжетімді деп айтуға болады. Пәтер жалдап тұрғаннан, өз үйің үшін ақша төлеген тиімді деп ойлаймын.

Ясипа РАБАЕВА,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале