– Сәбит Әмзебекұлы, Израильде шығарылған «Парацетамол» дәрілік препараты хақында әлеуметтік желі арқылы таратылып жатқан ақпарат қаншалықты рас?
– Облыс аумағында 268 дәріхана бар. Оның 202-сі Орал қаласында, қалған 54-і аудан-ауылдарда орналасқан. Фармация комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары фармация саласында лицензиясы бар барлық мекемелердің қызметіне жүйелі түрде мониторинг жасап отырады. Сатылымдағы және кепілдік берілген көлемдегі дәрі-дәрмектің сапасы күмән тудырған жағдайда айналымнан дереу жинап алынады. Биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында дәрілік заттардың серияларын (партияларын) медициналық қолдануға, сатуға тыйым салу және айналыстан алып қою туралы 62 бұйрық шығарылып, 96 түрлі дәрі-дәрмектің айналымы тоқтатылды. Соның ішінде 3300 орам дәрі-дәрмек кері қайтарылып алынды. Алайда бұл дәрілердің ішінде Израильде өндірілген «Р-500» таңбалы «Парацетамол» дәрісі жоқ.
Жалпы, әлеуметтік желілер арқылы аталмыш дәрі туралы хабар тарай бастағанда, департамент мамандары облыс аумағындағы барлық медмекемелер мен дәріханаларға мониторинг жасап шықты. Біздің өңірде мұндай парацетамол бұған дейін болған емес, қазір де айналыста жоқ. ҚР Мемлекеттік дәрілік заттар Реестрінде тіркелген Қазақстанда, Ресей Федерациясында және Үндістанда өндірілген «Парацетамол Вива Фарм», «Парацетамол Роутек» және «Парацетамол» дәрілік препараттары ғана бар. Демек, жерлестерімізге улы дәрі сатылып жатыр деп алаңдауға еш негіз жоқ.
Биыл көктем айларында еліміз бойынша құрамында Валсартан атты химиялық қоспасы бар «Вазар», «Вазар Н» және «Нортиван» препараттары кері қайтарылғаны белгілі. «Қауіпті» дәрілер аз уақыт ішінде нарықтан түгел алынып, құрамында аталған субстанциясы жоқ басқа дәріге ауыстырылды.
Қайталап айтамын, біздің дәріханаларда тіркелмеген, тексеруден өтпеген, яғни адам ден-саулығына қауіпті дәрі-дәрмек сатылмайды. Жалпы, облыста осы уақытқа дейін бірде-бір дәріден улану фактісі тіркелген жоқ. Алайда соңғы уақытта лицензиясы жоқ, күдікті, тіпті «қауіпті» деп айтуға болатын дәрілерді ғаламтор арқылы сатып алудың көбейіп бара жатқаны алаңдаушылық туғызып отыр. Өйткені онлайн сауданы қадағалау өте қиын. Негізі, тіркелмеген препараттарды дәрігердің нұсқауынсыз қабылдауға әуес болмау керек.
– Жергілікті дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме және отандық дәрі-дәрмектің үлесі қандай?
– Халықтың басты байлығы – денсаулық дейтін болсақ, бұл сала қай елде болмасын қуатты саланың бірі болуға тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық фар-мацевтиканың өндірісін қуатты ету, ішкі сұранысты өзімізде өндірілген өнімдермен қамтамасыз ету мәселесіне басымдық беріп, нақты міндеттер жүктеді. Соңғы жылдардағы көрсеткіштер бойынша отандық дәрі-дәрмек өндірісі қарқынды дамып келеді. Ендігі кезекте өндіріс көлемінен бөлек, ассортиментті көбейтуге мән берілуде.
Елімізде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміндегі дәрілік заттар бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы орталықтандырылған түрде сатылып алынады. Қазіргі таңда облыстағы медициналық мекемелер мен дәріханалардағы дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Дәрі жетіспеушілігі туралы тұрғындар тарапынан шағымдар түскен жоқ. Өкінішке орай, отандық дәрі-дәрмектің үлесі 10-13 пайызды ғана құрайды. Дәрілік заттардың қалған 87 пайызы шетелден, атап айтсақ, Ресей мен еуропалық мемлекеттерден, сондай-ақ Үндістан мен Қытайдан әкелінеді.
– «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, дәрінің басым бөлігі сырттан әкелінетіндіктен, баға-сының тұтынушы қалтасын қағатыны жасырын емес. Оның үстіне бақылаудың жоқтығынан дәріханалардағы баға да алуан түрлі. Жалпы, отандық дәрі-дәрмек нарығындағы бағаны кім реттейді?
– Қазіргі таңда елімізде дәрі-дәрмек нарығы дәріхана арқылы дәрілік заттарды коммерциялық сату және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету болып екіге бөлінетінін атап өткен жөн. Бүгінде нарықтағы бағаны билік емес, бәсекелестік орта реттейді. Баға нарығын реттеу, тұрақтандыру мәселелері Фармация комитетінің құзырына кірмейді.
ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы барлық дәрілік заттардың бағасына мемлекеттік реттеуді енгізу туралы тапсырмасын орындау бағытында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасын әзірледі. Жаңа заң қабылданған жағдайда келер жылдан бастап дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасы уәкілетті құрылымдар, соның ішінде Фармация комитетінің облыстардағы департаменттері арқылы да реттелетін болады.
Яғни бұдан былай дәрілерге шекті баға қойылады. Енді өтініш берушінің франко-зауыт бағасы референтті елдердің франко-зауыт бағасымен салыстыру сараптамасы негізінде жүргізіледі. Жекелеген өндірушілерге, көтерме сауда мен бөлшек саудаға жеке-жеке шекті баға мөлшері қойылады. Шекті мөлшердің ең жоғарғысы, яғни 50 пайыз үстеме арзан дәрілерге ғана қолданылмақ. Демек, дәрілердің бағасы өскен сайын, оған қосылатын пайыз да азаюы тиіс. Бұл өз кезегінде баға өсімін тежеп, бір межеде ұстап тұруға септігін тигізеді деп күтілуде.
– Сәбит Әмзебекұлы, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ұлғая ма? Тегін дәрі кімдерге беріледі?
– Осы тұста Денсаулық сақтау министрлігі биыл тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қаржыландыру көлемін 38% арттырғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ 2017 жылдың шілде айында Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық қызметтің сапасы бойынша бірлескен комиссияның шешімімен 2018 жылға арналған тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмек тізімі қайта қаралып, қосымша дәрідәрмектермен толықты. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, диспансерлік есепте тұрған науқастар 46 ауру тобы бойынша 1060 түрлі дәрі-дәрмекті тегін ала алады. Бұл тізімге жүрек-қан тамырлары аурулары, вирустық гепатит, қантты және қантсыз диабет, туберкулез, АИТВ, онкология және т. б. ауру түрлері кіреді. Тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін сатып алынатын барлық препараттар ҚР-да тіркелген, олардың сапасы, тиімділігі және қауіпсіздігі туралы қорытындылар алынған.
– Биыл жыл басында облыста онкологиялық, қант диабеті, эпилепсия және басқа да ауыр дерттерге шалдыққан науқастарға тегін берілетін өмірлік маңызды препараттар тапшылығы бірнеше айға созылғаны белгілі. Бұл жағдай тағы да қайталанбай ма?
– Бұл мәселе науқастың тұрғылықты жеріндегі емханадан бастап, барлық емдеу мекемелерінде жоспарлаудың сауатты әрі тыңғылықты жүргізілмегендігінен туындап отыр. Бірақ халық оны басқаша түсінеді. Кінәні дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен мерзімінде жеткізілуіне жауапты мекемеден, яғни Фармация комитетінен іздейді. Көктем-жаз айларында орын алған дәрі-дәрмек тапшылығына қатысты тексерулер жүргізілді, кінәлілер анықталып, оларға әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі таңда Фармация комитеті 2019 жылы тегін медициналық қызметтерді көрсетуге қажет болатын дәрі-дәрмектерге өтініштерді қабылдап, «СҚ-Фармация» ЖШС-на ұсынды. Дәрілік заттар бірыңғай дистрибьютор арқылы орталықтандырылған түрде сатылып алынады.
Сұхбаттасқан Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!