19.12.2018, 18:48
Оқылды: 19

Алтай Көлгінов айтыскер ақын Жансая Мусинамен кездесті

Астана қаласында өткен Елорданың 20 жылдығы мен Тәуелсіздік күніне арналған «Астана, сенсің айбарым!» атты республикалық ақындар айтысында бас жүлдені батысқазақстандық Жансая Мусина иеленіп, алтын домбыраны қанжығасына байлаған еді. Соған орай облыс әкімі Алтай Көлгінов айтыстың азулы ақындары Жансая Ғалымжанқызымен және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болған Бауыржан Халиолламен кездесті.

IMG_9011

Айтыс аламанында Ақ Жайықтың намысын қорғап жүрген ақындарға облыс әкімі өңір тұрғындары атынан алғысын айтып, ықылас гүлін табыстады.

– Күллі қазақстандық өнерсүйер ағайын құлақтанып жатқандай, Елордада өткен республикалық айтыстың алтын домбырасы «Жайықтың Жансаясына» бұйырды. Айтыстың бас жүлдесі қазылар алқасынан бөлек, елдің қошеметіне ие болып бағаланды. Жылына бір өтетін бұл айтысқа еліміздің әр түкпірінен «ауызымен құс тістеген» сөзі дуалы 20-ға жуық ақын қатысты. Олардың барлығы алтын домбыраға лайықты ақындар еді. Айтыстың алғашқы күні тәуелсіз сарапшы ретінде қатыссам, екінші күні әділқазылар алқасының мүшесі болдым. Айтысты бағалау өте қиын болды. Өйткені «Айтыстың ақтаңгерлері» атанған Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Еркебұлан Қайназаровтар осал ақын емес. Жиырма ақынның барлығы дерлік республикалық ақындар айтысының жеңімпаздары. Менің қуанғаным, бас жүлдені Жансая қарындасымызға табыстағанда ешқандай қарсылық болмады. Есесіне, залдағы көрермендер аяғынан тік тұрып қошеметтеп, қол соқты. Жасыратыны жоқ, кейде бас жүлде алған ақынға наразылық танытатын сәттер кездесетін. Әсіресе, Астанадағы жерлестеріміздің қуанышында шек болмады. Айтыс біткен соң Жансая халықтың ортасында суретке түсіп, екі сағаттай жүріп қалды. Бұл дегеніңіз, халықтың айтыс өнеріне, Жайықтың Жансаясына деген ықыласы деп білемін, – деді ақын Бауыржан Халиолла.
Алтын домбыра иесі Жансая Ғалымжанқызы өз әсерімен бөлісті.
– Айтыс екі бөлімнен тұрды. Бірінші айналымда Арқаның сал серісі Мақсат Ақановпен айтыссам, екінші айналымда атақты және өте білімді Рүстем Қайыртайұлымен кездестім. Жалпы «Алтын домбыра» айтысы жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Жетінші алтын домбыра жетінші аймаққа бұйыратын шығар деп әзілдеп едім. Алтын домбыраға ие болуыма себепкер – Атырау қаласында Мұрат Мөңкеұлының мерейтойына арналған халықаралық ақындар айтысында бас жүлдені иеленуім еді. Бұл жылдың қорытынды айтысы болғандықтан, сөз додасына тек айтыстың жеңімпаздары ғана қатысты. Солардың арасынан жеңісті Ақ Жайыққа алып келгеніме қуаныштымын, – деді айтыскер Жансая Мусина.

IMG_8941

Гүлсезім БИЯШЕВА,

суреттерді түсірген Александр Куприенко
© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале