26.12.2018, 15:09
Оқылды: 3

Оралда әкімдік қызметкерлері жаңа жылды мейрамханада атап өту дәстүрінен бас тартты

Бұл туралы Орал қаласының әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов «Мақсат» мейрамханасында «Бәйтерек» БҚО мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жаңа жыл мерекесіне арналған қайырымдылық шарада айтты.

WhatsApp Image 2018-12-25 at 22.30.47

Шыршатойына қоғамдық бірлестік құрамындағы 75 балдырған ата-аналарымен бірге келіп, өздеріне арнап дайындалған мерекелік дастарқан басында ертегілер мен мультфильмдер кейіпкерлері ұсынған қойылымдарды тамашалады. Басты рөлдерді бүлдіршіндердің ата-аналары мен қоғамдық бірлестіктің мамандары сомдады. Қаламыздағы №2 «Айлин» балабашасының кішкентай тәрбиеленушілері қонақкәде ретінде «Қуыршақ» биін ұсынды. Жаңа жыл қарсаңында көздің жауын алатын әдемі киімдерін киіп, қуанышты көңіл-күйге бөленген балалар жасыл шыршаны айналып, ән айтты. Түрлі ойындар ойнап, Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетіп, тәтті сыйлықтар мен ойыншықтарға ие болды.

Шыршатойға жиналған балалаларды Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың атынан жаңа жылмен құттықтаған қала әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов биыл қалалық әкімдік қызметкерлерінің жаңа жылды жылдағыдай мейрамханада атап өту дәстүрінен бас тартып, ол қаржыны көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге тәтті сыйлық алуға бағыттағанын айтты.

«Қайырымдылық шыршасының мақсаты мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың өмірге деген құштарлығын арттыру. Бүлдіршіндер үшін Аяз ата мен Ақшақардан жаңа жылдық сыйлық алудан асқан бақыт жоқ. Ата-аналар да мереке қарсаңында бір сәт сергіп, көңіл көтеріп қалады. Қамкөңіл жандарға қуаныш пен шаттық сыйлап, қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыруға үлес қосқан барша азаматтарға ризашылығым шексіз», - дейді «Бәйтерек» БҚО мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мерует Санқаева.

WhatsApp Image 2018-12-25 at 22.29.19

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале