Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының жұмысы арқау болды.
Тақырыпты аумақтық инспекция басшысының орынбасары Закария Туралиев тарқатты. Бүгінде аумақтық инспекцияның штатында 32 қызметкер еңбек етсе, балансында 26 техника бар. Өткен жылы мұндағы мамандар 241 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Сонымен қатар былтыр табиғатты қорғау заңдылықтарын бұзған тұлғаларға 412 әкімшілік хаттама толтырған. Оның ішінде 11 әкімшілік іс сот орындарына жолданған екен. Инспекцияның құзыретіне жататын әкімшілік істер бойынша 401 әкімшілік іс қаралып, 4223,1 мың теңге айыппұл салынған. Бүгінде 3874,4 мың теңге айыппұл өтеліп отыр.
Жалпы облыстағы мемлекеттік орман қорының аумағы 216 851 гектарды құрайды. Спикер орман шаруашылығындағы жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті. Мәселен, өткен жылы 193,9 га. орман алқабын қамтитын 248,6 га. аумақта жеті орман өрті орын алған. Бұл орман шаруашылығына 509,3 мың теңге шығын келтірген. Мемлекеттік орман қорының аумағында жалпы аумағы 29 832 га. шабындық жер және 6342 га. жайылымдық жер бар. Закария Ерболатұлы жойылып кетуі жақын жануарлардың «жауларымен» күрес шараларына да тоқталды. Өткен жылдың басынан бері облыста киіктерді заңсыз аулағандар және мүйізін тасымалдағандар бойынша 43 дерек тіркелген. Оның ішінде 25 қылмыстық іс қаралып, 32 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Былтырғы жүргізілген есеп бойынша облыста 135 мың киік бар. Олар көбінесе Қазталов, Бөкей орда, Жәнібек, Жаңақала аудандарын мекендейді. Бүгінде 50 адам киіктерге қадағалау жұмыстарын жүргізуде.
Ясипа Рабаева,
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер