31.01.2019, 13:05
Оқылды: 34

Тасқалалықтар өзеннен техникалық су тартпақ

Тасқала ауданында қоғамдық кеңестің ХХХІІ отырысы өтті. Аталмыш жиынға қатысушылар аудан әкімі А.Халеловтың баяндамасын тыңдады.

 кеңес (3)

         Жыл бойына атқарылған жұмыстарды жіпке тізген Алдияр Сансызбайұлы әлі күнге шешімін таппай тұрған мәселелерге де тоқталды.

         -Бүгінде аудан бойынша таза ауыз су мәселесі толығымен шешілді десе болады. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты арқылы тартылған ауыз судың жақсылығын тұрғындар көріп отыр. Орал-Саратов бағытындағы тас жолдың да жөндеу жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Ендігі кезекте тұрғындардың сауалы ғаламтор желісі жөнінде. Мереке мен Қосшы ауылдық округтеріндегі байланыс желісі нашар. Биыл Мереке ауылдық округіндегі осы мәселе шешіледі деп жоспарлап отырмыз. Кезекте тұрған тағы бір мәселе бұл – жарық. Электер желісінің сапасыздығы баршаңызға жақсы таныс. Әсіресе ауылдық жерлердегі жарықтың жиі сөнуі тұрғындар мазасын әбден алған. Ашығын айту керек, аудан бойынша электр желісінің сымдары ескі, сонау 60-70 жылдардан келе жатыр. Барлығын ауыстырмайынша, бұл саланы бір арнаға түсіру қиын,- деді аудан әкімі.

Аудан басшысы абаттандыруға таза ауыз суды қолданбай, ауыл жанындағы Деркөл өзенінен техникалық су тарту мәселесі қаралып жатқандығын айтты.

Аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов жыл бойына атқарылған жұмыстарды атап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Қоғамдық кеңестің де бірқатар жұмыстары тілге тиек болды.

«2019 жылға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, жан басына шаққандағы қаржыландыру және ата-анасының ақы төлеу мөлшерін бекіту туралы» әкімдік қаулысының жобасы бойынша аудандық білім беру бөлімі басшысының м.а. Г.Батырғалиеваның баяндамасы тыңдалды.

Әсем Серікқали,

Тасқала ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале