Бүгін облысымыздың орталық мешітінде жұма намазына жиылған жамағатқа екпенің маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
- Қазақстан ғана емес, күллі ислам әлемі екпенің пайдалылығын растап, қолдап, әрбір елдің азаматы екпені алуы тиіс деді. Яғни, бұл мәселеге шариғи тұрғыдан пәтуа берілген. Енді медициналық тұрғыдан мамандардың сөзіне құлақ түрейік, - деген ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрмановқа сөз ұсынды.
- Биыл біздің елімізде және Еуропаның көптеген елдерінде қызылша ауруының көбеюі орын алып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауы бойынша, аурудың көбеюі қызылшаға қарсы вакцинациямен қамтылу деңгейінің төмендігімен байланысты. Бұл облыс аумағына жұқпаның жетуі және егілмеген адамдар арасында тез тарау қаупін тудырады. Қазіргі таңда облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты, қызылша ауруы тіркелген жоқ. Алайда облысымызда екпеден бас тартушылардың тіркелуі қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Олардың басым бөлігі өз ұстанымдарын вакцинаға сенімсіздікпен, діни көзқарастарымен және өзге де жағдайлармен байланыстырады. Бүгінгі таңда өңірімізде 1000-нан аса тұрғын профилактикалық екпелерден бас тартуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ата-аналардың балаларына екпе алудан бас тартуын денсаулық сақтауға төніп тұрған 10 қауіптің қатарына қосты. Олардың қатарында Эбола эпидемиясы, ауаның ластануы, климаттың өзгеруі, жұқпалы емес аурулар мен жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары бар. 2017 жылы Орал қаласында екпе алмайтын балалар арасында 2 бала көкжөтел және 2018 жылы 1 бала туберкулез дертін жұқтырған. Жалпы елімізде арнайы бекітілген күнтізбеге сәйкес 21 жұқпалы ауруға қарсы екпе жүргізіледі. Соның ішінде соңғы екі жылда жиі айтылып жүрген менингокок және қызылша жұқпалы дерттері бар. Сауд Арабиясына қажылыққа баратын адамдар үшін де менингококк жұқпасына қарсы вакцина алу міндеттеледі. Қызылша дерті туралы айтар болсақ, ол - жұқпалы ауру. Дене қызуының 38-40°С-қа дейін жоғарылауымен, жалпы интоксикация, көздің кілегей қабығының, жоғары тыныс алу жолдарының, жұтқыншақтың қабыну көріністері және бөртпенің пайда болуымен басталады. Жалпы әлсіздік, бастың ауруы, тәбеттің төмендеуі, ұйқының бұзылу көріністері байқалады. Ауру көзі – ауру адам, ауа-тамшы жолы арқылы да беріледі. Егер адам қызылшамен бұрын ауырмаған немесе қызылшаға қарсы екпе алмаған болса, онда ол адамда ауруды жұқтыру қаупі 100% болады. Қызылшадан қорғанудың тиімді әдісі вакцинация болып табылады. Ұлттық егулер күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі. Оның біріншісі 1 жаста, екіншісі 6 жаста жасалады. Облыстың бас имамы және әкімдіктің, дін істері басқармасының қолдауымен облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бүгін Орал қаласындағы және барлық аудан орталықтарындағы мешіттерде екпенің маңыздылығы жөнінде түсінік жүргізуде. Ауруды емдегеннен, оның алдын алған тиімді екені бәрімізге белгілі, - деді Жайдар Бисенбайұлы.
Департамент басшысы жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Нұртас Набиоллаұлы,
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер