25.02.2019, 18:04
Оқылды: 34

«Су басу қаупі әлі де жоғары»

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев бастаған атқарушы билік өкілдері облыс орталығындағы қар тазалау жұмыстарының барысын аяқтай жүріп пысықтады.

IMG_2135

Жеке тұрғындар мен тиісті мекемелердің жауапкершіліктерін арттыруды мақсат еткен аталмыш топ қала ішіндегі су басу қаупі бар көшелерде орналасқан арықтар мен аулалардың қалың қардан аршылуын қадағалады.

- Биылғы қыста жауған қар осыған дейінгі жылдардағы рекордтық көлемнен асып түсті. Қала бойынша қараша айынан бері 250 техника қар шығарумен айналысуда. Бұл жұмысқа шаһардағы барлық іргелі мекемелердің техникалары жұмылдырылды. Қазіргі таңда қаланы су басу қаупі әлі де жоғары. Болжам бойынша бір аптадан соң күннің күрт жылынуы күтілуде. Қазірдің өзінде қала ішіндегі қарды өткен жылмен салыстырғанда 8 есе көп шығардық. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Қар шығару жұмыстары әлі де жалғасын табады. Осы орайда ПИК жұмысына тоқталар болсақ, олардың басым көпшілігі өз жұмыстарын ойдағыдай атқаруда. Биыл біз алғаш рет альпинистердің көмегіне жүгіндік. Қазіргі таңда төбедегі және ауладағы қар аршу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дегенмен, өз жұмысын тиісті деңгейде атқармай отырған ПИК-тер де бар. Қаланың тазалығын сақтау ережесіне сәйкес 134 материал толтырылып, соның ішінде 10 шақты ПИК жауапқа тартылды. Оларға құқықбұзушылық кодексінің 505 бабына сәйкес 20-дан 40 АЕК-ға дейін айыппұл салынды. ПИК жұмысы әрі қарай да қадағалауда болады. Қазіргі таңда қала бойынша су тасқыны қаупі бар 32 жерде бүгінгідей қар тазалау жұмыстары жүргізілуде. Әрине, біз бір аптаның ішінде осы жұмыстарды еңсеруге тырысамыз. Алайда жеке сектор болсын, ПИК болсын өз аулаларын қардан тазартуы керек. Шаһарда 92 арық болса, соның 50 пайызы қардан аршылды. Осы бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасын таба бермек, - деді Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев журналистерге берген сұхбатында.

IMG_2074 IMG_2076 IMG_2145 IMG_2182 IMG_2246

Нұртас Набиоллаұлы,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале