18.04.2019, 18:45
Оқылды: 52

«Студенттер пара бергенін мойындайды»

Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл күрес Агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов мәлімдеді.

 «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында мониторингтік топ мүшелерінің жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне жемқорлық деңгейі жөнінде жүргізген сауалнама нәтижесінде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың 7,3%-ы, ҚАЗИИТУ-дың 1,9% студенті пара бергендерін көрсеткен. Пара мөлшері 5 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін жеткен. Ал М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенттері пара мөлшері 1000 теңге және торт түріндегі кондитерлік өнім деп белгілеген.

Isakov

- Барлық ЖОО-ға тән жемқорлық жағдайы рейтинг, сынақ, емтихан тапсыру кездері мен дипломдық жұмысты қорғау, гранттар мен жеңілдіктерді бөлу және диплом қорғау кезінде орын алған. ҚАЗИИТУ мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенттері сыбайлас жемқорлық жатақханаларда орындарды бөлуде және бір оқу орнынан екінші оқу орнына ауысу жағдайларында орын алатынын көрсетті. ҚАЗИИТУ-дің 13,3% және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың 47,9% респонденті ЖОО-лардағы жемқорлық оқытушыларды жұмысқа қабылдау және оқыту сағаттарын бөлу кезінде орын алады деп есептейді. Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық және Құрманғазы атындағы музыкалық саз колледждерінің студенттері оқу процесі барысында жемқорлыққа тап болған. Оқуға түсерде студенттер музыкалық колледжге 150 мың теңге, «Евразия» колледжіне 20 мың теңге пара бергендерін көрсетті, - дейді Болат Исақов.

Оның айтуынша, жүргізілген сауалнамада «Мақсат» медициналық колледжінің студенттері химия, дене шынықтыру және отоларингология пәндері жемқорлықпен байланысты деп белгілеген. ҚАЗИИТУ-дан 10,2%, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенттері 17,2% жоғары білім беру жүйесіндегі жемқорлықты жою мүмкін емес деп есептейтін көрінеді. Өздері оқитын оқу орнында жемқорлық жағдайын қалыпты деп 16,4% Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, 12,9% М.Өтемісов атындағы БҚМУ және 16,9% колледж студенттері көрсеткен.

Есенжол Елекенов,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале