Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі лауазымына тағайындалған Алтай Көлгіновті батысқазақстандықтар әуежайдан шығарып салды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі болып бірнеше жыл жемісті еңбек етіп, жергілікті халықтың зор құрметіне ие болған Алтай Сейдірұлына ақ жол тілеуге жиналғандардың барлығы гүл шоқтарын ұсынып, жылы лебіздерін білдіруге тырысты.
-Сіз үш жылдан астам уақыт Жайық өңірін басқардыңыз. Осы жылдарда халықпен етене жақын еңбек еттіңіз. Сіздің қай салада болмасын атқарған істеріңіз мәңгі елдің есінде қалады, жойылмайды. Енді міне республикамыздың бас қаласының игілігі үшін еңбек етуге бара жатырсыз. Сол еңбегіңізге зор табыстар тілейміз. Өмірде бақытты, еңбегіңіз табысты болсын. Сіздің есіміңіз Жайық жұртшылығының жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз,-деп тілегін білдірген өлкетанушы, профессор Жайсаң Ақбай жақсылықтың нышаны ретінде Меккеден әкелінген таспихты сыйға тартты.
Ақ жол тілеп, шығарып салушыларға ризашылығын білдірген Алтай Көлгінов: «Осы өңірге басшылық қызметке жіберген Елбасымызға алғысым шексіз. Ақ Жайық өңіріне атқарылған игі істер менің ғана еңбегім емес, жанымнан табылған әріптестерімнің, қала берді барша батысқазақстандықтардың еңбегі деп білемін. Менің әр бастамама үн қосып, қолдау көрсеткен барша жерлестеріме алғыс айтамын. Бүгінгі күннен бастап облыс тізгінін ұстаған әріптесім Ғали Нәжимединұлына зор табыстар тілеймін» деген тілегін жеткізді.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
суретке түсірген автор
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер