11.07.2019, 13:23
Оқылды: 62

Сабақта сөзбен семсерлесті

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында әртүрлі сала қызметкерлеріне арналған «C1 деңгейі бойынша қазақ тілін оқыту» екі айлық курсы өтуде.

_MG_8832

Әр сала мамандарына көпшілік алдында сөз сөйлеуді үйретіп қана қоймай, шешендік өнердің қыр-сырын меңгеруге бағыттайтын курста бес топ білім алуда. Жуырда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлер біліктілігін арттыру институтында» «Шешендікке машықтану жолдары» тақырыбында ашық тәжірибелік сабақ өтті.

debat (2)

- Қандай маман иесі болса да, тілді меңгеру арқылы ой бөлісіп, тәжірибесін таратып, қоғамның дамуына үлесін қосады. Өзім математика саласының маманы ретінде айтатын болсам, бір тілдің сан есімдеріне қарап отырып, сол тілдің даму деңгейін анықтауға болады деген қағида бар. Филологтар қазақ тілін әлемдегі ең дамыған тіл деп мойындады. Себебі оның сан есімдері реттелген. Тіпті дамыған тіл деп саналатын орыс, ағылшын тілдерінде олай емес. Мәселен, қазақ тілінде он санын білсек болды, он екі, он үш деп санай береміз. Ал жоғарыда аталған тілдерде олай емес. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жалпы жетпіс жылдық тарихы бар педагогтардың біліктілігін арттыру институты тілдік оқытуларға ерекше мән беріп келеді. 2012 жылдан бері «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалы болып қызмет етуде, - деген институт директорының орынбасары Елдос Сафуллин аталмыш курстың мақсат-міндеттеріне тоқталды. Кең көлемде ұйымдастырылған тәжірибелік сабақ барысында көпшілік алдында сөйлеуде ескерілетін басты қағидаларға талдау жасалды.

_MG_9072

Тыңдаушының назарын аударып, сенімді сөйлеуге үйрену жолдары айтылды. Сабақ барысында алдымен барлық қатысушыға арналған «Бинго парақшасы» тренингі ұйымдастырылды. Ал «Шешен болам десеңіз...» тақырыбындағы ойын-тренингте қатысушыларға жағдаяттар, пікір алмасу, сәйкестендіру тапсырмалары беріліп, олардың курс барысында жиған білім-білігі пысықталды. Ал көпшіліктің ықыласына бөленіп, сабақтың көрігін қыздырған сәт ресми дебат болды. Онда жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастары мен облыстық кітапхана маманы жақтаушы жақ, «Жайық Пресс» медиахолдингінің қызметкерлері даттаушы қарсылас ретінде сөзбен семсерлесті. Олар «Смарт техникаларды барлық салада қолдану мамандардың ойлауын шектейді» тақырыбында ой жарыстырған еді.

debat (3)

Алғашқы команда бүгінде әлем халқын мойындатқан смарт техникалардың жағымсыз жақтарын дәлелдеп бақса, қарсыластар күн санап қарыштап дамып келе жатқан техникалардың ұтымды тұстарын атап өтті. Ой-пікірлерін қызу ортаға салған қос топ та шешен сөйлеп, шебер сөз саптаудың үлгісін көрсетуге тырысты. Қорытындысында «жайықпрестік» дебатшылар жеңімпаз танылып, дипломдармен марапатталды. Айта кету керек, аталмыш курсқа институт директоры, п.ғ.к. С.Измуханбетова, БҚМУ профессоры, ф.ғ.д. Ғ.Хасанов, ф.ғ.к., доцент Б.Шканова, педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Р.Мулдағалиева, гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы Р.Қуанаева, филология ғылымдарының магистрі А.Елеуова дәріс беруде.

_MG_9111

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале