Сырым ауданында «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасына «Ақжол» шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі ассоциация» ЗТБ басқарма төрайымы Әлия Салиева, БҚО әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық бөлімінің аға инспекторы А.Хайруллина, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің менеджері М.Отарбаеваның қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Әлия Өтемісқызының айтуынша, елімізде Елбасының бастамасымен қолға алынып, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен жемқорлықпен күресу, оны жою әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында облыстық «Ақжайық - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, ауданымыз бойынша кеңсе төрағасы болып аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұртілеу Болат тағайындалған болатын. Аудан көлемінде қаңтар айынан бері «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, түсіндіру жұмыстары өз кезегінде жүргізілді.
Аталған жобаның мақсаты - тек облыста ғана емес, аудандардағы, ауылдық округтердегі әділетсіздікке куә болып, жемқорлықпен күресу үшін кімге, қайда барып жүгінерін білмей жүрген халықтың көзін ашып, оларға септігін тигізер түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Аудан орталығындағы түсінік жұмыстарынан соң, мобильдік топ мүшелері Аралтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департамент басшысы Р.Ақмырзаев, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасына «Ақжол» шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі ассоциация» ЗТБ басқарма төрайымы Әлия Салиева, БҚО әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық бөлімінің аға инспекторы А.Хайруллина тұрғындарды жеке қабылдады.
Айжан АМАНГЕЛДИНА
Сырым ауданы
zhaikpress.kz.