Бүгін БҚО-да республикалық «Бірге – Таза Қазақстан!» экологиялық акциясы аясында «Таза жағалау» сенбілігі өтті.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, облыс бойынша бүгін бұл акцияға 15 мың адам үлес қосқан. 125 дана арнайы техника, шаруа қожалықтары және бизнес құрылымдары техникасы сенбілікке көмек көрсеткен. Жайық, Шаған, Деркөл, Қараөзен, Сарыөзен жағалары 400 тонна қоқыстан тазартылған.
Облыс орталығы Орал қаласында «Таза жағалау» сенбілігіне 1800 адам қатысып, 41 тонна қоқыс жиналды. Қоқысты тасуға 21 техника, оның ішінде 6 трактор тіркемесімен және 15 жүк көлігі қызмет етті. Таңғы сағат 9-дан басталған сенбілік Орал қаласының 11 аумағында жалғасты. Акцияға БҚО әкімдігі мен Орал қаласы әкімдігі, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, жасылелдіктер, табиғатты қорғау мекемелері ұжымдары, КазИИТУ-дың студенттерімен қатар еңбек ардагерлері де үлес қосты.
-Акцияға қатысқандарға зор алғысымызды білдіреміз. БҚО-да Жайық, Шаған, Деркөл, Қараөзен, Сарыөзен, басқа да каналдар, жалпы 230-дай су нысандары бар. Өткен аптада да біраз жағалау тазарып қалды. Облыс әкімінің бастамасымен тамыз айында тағы да сенбіліктер жоспарланып отыр. Алда «Таза орман» акциясы ұйымдастырылмақ. Осы арқылы біз қоршаған ортамыздың, табиғатымыздың тазалығына үлесімізді қосамыз,-деді БҚО-ның табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Махамбет Мәтенқожа.
Нұрлыбек Нұрланұлы,
Суретке түсірген Темірболат Әнуарұлы