Республикалық бірыңғай медиация күніне байланысты Достық үйінде БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация кабинеті мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Ашық есік күні өтті. Шарада бітім іздеушілерге заңгерлер, адвокаттар, сот қызметкерлері және медиаторлар құқықтық кеңес берді.
– Жыл бойына Ашық есік күнін тұрақты ұйымдастырып отырамыз. Облыста 144 кәсіби және қоғамдық медиатор бар. Оның ішінде 73 медиатор облыстық Ассамблеямен тығыз байланыста қызмет етеді. Биылғы алты ай ішінде сотқа дейін 1248 медиациялық келісім жасалды.
БҚО медиаторлар одағына қарасты үш медиация орталығы жұмыс жасайды. Медиация орталықтары арасындағы өзара байланысты нығайту қажет. Қазіргі уақытта әкімшілік істер бойынша медаиторлар тарту көбейіп келеді. Азаматтық істер қатарынан қарыз қайтару, алимент өндіру және жер дауына қатысты бітім жасалады. Қылмыстық істерден бұзақылық және көлік айдап әкетуге байланысты туындаған жанжалдарды тоқтатамыз. Өкінішке орай некені бұзу және дүние-мүлікті бөлісу, бала кімнің қарауында қалатынына қатысты шағымдар жиіледі.
Облыс орталығында және аудандарда салалық мекемелерде медиациялық кабинеттерді көптеп ашуға ден қоюдамыз. Мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен меморандум жасалып, биылғы жыл басынан бері алты медициналық мекемеде дауласқандарды бітімге шақыратын кабинеттер ашылды. Бұл бағытта жұмыс жасалуда. Облыстық білім басқармаларымен бірлесіп, мектептерде орталық қызметінің күшеюіне назар аударамыз, - деді облыстық медиаторлар одағының төрағасы, «Қоғамдық келісім» мекемесінің кәсіби медаторы Алуа Рахишева.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz