29.08.2019, 10:27
Оқылды: 58

Теректілік отбасы тері өңдеуде

Теректі ауданында атаулы әлеуметтік көмек алуға жыл басынан бері 968 өтініш түскен. 852 отбасы, оның ішінде 4 226 адамға атаулы көмек тағайындалды. Оның ішінде 713 отбасыға (3 738 адам) 250 077,1 мың теңге шартты ақшалай көмек, 139 отбасыға (488 адам) 28 715,1 мың теңге шартсыз ақшалай көмек төленді.

гульназ

-Шартты ақшалай көмек алатын 713 отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалынды. Келісімшарт негізінде 77 адамды тұрақты жұмысқа орналастырдық. 8 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 47 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа жолданды. 27 адамды мамандыққа қайта даярлау курстарына оқуға жібердік. Бір жас маманды «Жастар тәжірибесі» арқылы машықтанудан өткізіп жатырмыз,- дейді Теректі аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытжан Митанов.

Біздің ауданда осындай мемлекеттік көмек көрсету шарасымен қамтылғандардың төртеуі «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданған. Солардың ішінен үш адам шағын бизнес ашуға грант алды.

гульназ 1

Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде алдына азын-шоғын болса да ірілі-ұсақ мал салып, өз ісін ашуға қадам жасағандар бар.

Солардың бірі – атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған Гүлназ Сүлейменованың отбасы. Шаған ауылдық округінің Жаңа Өмір ауылында тұрып жатқан жанұяда 3 бала бар. Ең кішісі – бесікте. Жұбайы Айдынғалидың қазір ұмытылып бара жатқан тері илеу ісінен хабары бар. Гүлназдың өзі іс тігуге епті. Былтыр олар мемлекеттік бағдарламаға қатысып, 240 мың теңгенің грантын иеленді. Сол ақшаға тері тігетін арнайы тігін машинасын сатып алған. Қазірдің өзінде Гүлназ баласын бесікке бөлеп тастап, Айдынғали дайындап қойған теріден құрақ жинап жүр. Мақсаты – сұранысқа ие өнім – автокөлік орындықтарына арналған тері қаптар тігу. Өз өнімдерін «тек жергілікті шикізаттан, ауыл-аймақтан сатып алған теріден жасаймыз» деген ерлі-зайыптының алдағы жоспары орындаларына сенеміз.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале