Оралда Қала күні аясында 40-қа жуық шара жоспарланған. Қала күнін атап өтудегі негізгі шаралар 2-7 қыркүйекте өтеді.
Мерекедегі басты жаңалық - Исатай мен Махамбетке арналған ескерткіштің ашылуы. Ел асыға күткен ескерткішті салтанатты түрде ашу 7 қыркүйекке жоспарланған.
-Биыл Қала күнін тойлау бір аптаға созылады. 2 қыркүйектен бастап Ю.Гагарин атындағы кинотеатрда қазақ киносының апталығы басталады. 8 қыркүйекке дейін әр түрлі жастағы көрермен үшін үздік отандық кино туындылар көрсетіледі.
Жылдағыдай спорттық шаралар ұйымдастырылады. Волейболдан дәстүрлі халықаралық «Достық - Дружба» турнирі жалауын көтереді. Оған көрші облыстардан бөлек Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан, Украина, Белоруссиядан командалар қатысады. Бұл сайыс 2-13 қыркүйек арасында өтпек, - деді қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Бұдан бөлек ІІІ «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі, «Орал - Опера» атты классикалық музыка концерті, жастар асыға күтетін Орал қаласы әкімінің кубогі үшін КТА фествалі ұйымдастырылмақ.
Динара Насыр,
«Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің тілшісі
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер