Теректі ауданы күніне орай марафон өтті. Доданы ұйымдастырушылар қатарында аудан әкімдігімен қоса, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту жне спорт бөлімі, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар.
Марафонға облыс желаяқтары келіп қатысты. Салауатты өмір салтын ұстанатын спортшылар медициналық тексерістен өтіп, 3, 10, 21, 42 шақырым қашықтыққа жүгіру үшін тіркелді. Марафонға қатысушыларды қолдап келгендердің де қатары өте көп болды.
Нәтижесінде 3 шақырымға жүгіруде ерлер арасында федоровтық Эльдар Құдияров І орынды жеңіп алды. Ал қыздар арасында №1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінен келген Асия Шаутеноваға жетер ешкім болмады. Жеңімпаз бен жүлдегерлерді спорт ардагері, халықаралық дәрежедегі төреші Серік Нұрғалиев марапаттады.
10 шақырымда ерлер арасында Қазталов ауданынан келген Баубек Ильясов жүйрік атанды. Нәзік жандылар арасынан Орал қаласынан келген Эльмира Айтаханова тұғырдың биік сатысына жайғасты. Марафонның бас төрешісі, жеңіл атлетикадан ҚР-ның спорт шебері Набек Жалетденов жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттады.
Ерлер арасында 21 шақырым қашықтыққа жүгіргендерден Орал қаласынан келген Гализат Шабдан оқ бойы оза шапты. Қыздар арасында Бәйтерек ауданының тумасы Наргиза Иргусаева чемпион атанды. Оларды облыстық «Street Workout» облыстық федерация президенті Асқар Досқалиев марапаттады.
Ең ұзақ қашықтық саналатын 42 шақырымда шағандық Елдос Ғалымжанов жеңімпаз атанды. Қыздар арасында Орал қаласынан келген Әсел Мырзахметова мықтылығын көрсетті. Жеңімпаздарға жүлдені аудан әкімі Әділ Жоламанов табыстады.
Үміткер Орынғали
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер