Бірінші Лига командалары арасындағы ел біріншілігінің шымылдығы жабылар күн таяған сайын Премьер Лига жолдамасына талас күшейе түсті. Жоғары дивизтонға берілер жолдамаға таласқан лига фавориттері 25 турда ұпайдан шашау шығармады. «Қызыл-Жар СК» «Академия Оңтүстікті», «Каспий» «Екібастұзды» тізе бүктіріп, керекті ұпайларын қанжығаларына басты.
Соңғы тур алдындағы кездесуін Алматы қаласында жергілікті «Қайрат-Жастар» командасына қарсы өткізген «Ақжайық» та қажетті ұпайын еншіледі.
Өткен турдағы ірі жеңіс «Ақжайық» ойыншыларын жігерлендірсе керек. Авакянц шәкірттері матчты ширақ бастады. Алаң иелерінің әр шабуылын оңай тоқтатып, өздерінің шабуылдарын соңына дейін жеткізуді көздеген «Ақжайық» ойыншылары көп ұзамай есеп ашты. Осыған дейінгі екі матчта үш гол соққан Роман Павинич алматылықтардың қақпашысын қапы қалдырды.
Осылайша матчтың бірінші бөлігі «Ақжайықтың» пайдасына аяқталды. Екінші таймда да қарсыласын тықсырып баққан оралдық команда Ерболат Рүстемовтың көмегімен есепті еселесе, ойын аяғына қарай пенальтиді тамаша орындаған Мелло Джакомо таблодағы көрсеткішті 0-3-ке жеткізді.
Алматылық команда ойын соңында бір дәл соққымен жауап қатты. Қорытынды есеп 3-1. «Ақжайық» кезекті жеңісін тойлады.
Енді «Ақжайық» біріншіліктегі соңғы ойынын 3 қараша күні «Астана М» командасына қарсы өткізеді.
Түгелбай Бисен
«Ақжайық» футбол клубының
баспасөз хатшысы