Қазталов ауданы Көктерек ауылында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының «Ақбұлақ» бағытымен таза ауыз су жүйесі іске қосылды.
«Көктерек ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру құрылысы» жобасын мердігер «Батысгазстрой» ЖШС сәтті аяқтады. Барлығы 204 млн. 612, 6 мың теңге кеткен жұмыс нәтижесінде Көктерек ауылдық округінде 9 әлеуметтік нысан, 188 аула таза сумен қамтылды.
Таза ауыз су қондырғысының ашылу салтанатында аудан әкімі Альберт Есалиев тұрғындарды құттықтап, сапалы жұмыс атқарған мердігерге алғыс білдірді. Нысанды аудан әкімі мен ауыл ақсақалы Жанұзақ Бақитов іске қосты. Қондырғы Сарыөзеннен су тазарту әдісі арқылы Көктерекке су жеткізеді.
Халықтың қуанышына ортақтасқан аудан әкімі ауылдағы Тасжан ақсақалдың үйіне арнайы барып құттықтады. «Батысгазстрой» ЖШС-ның өкілі Нұрбол Мұқанғалиев ақсақалдың шаңғырағына кір жуатын машинаны сыйға тартты.
Айта кетейік, 2017-2019 жылдары ауданда 13 елді мекенді қамтитын, бағасы екі миллиард жеті жүз төрт миллион теңгенің 7 жобасы іске асты. Екі жобаның құрылыс жұмыстары атқарылуда. Бұл жобалар аясында 19 461 адам таза ауыз сумен қамтылды. Аудан тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылуы 82 пайызға жетті.
Қайрат Жақып
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер