26.11.2019, 16:51
Оқылды: 17

Жаңақалада жас таланттардың концерті өтті

Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында қарасты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарындағы үйірмелердің жылдық есеп беру концерті өтті.

janaqala oner (1)

«Жаңақаланың өнерлі өрендері» атты сазды концертке аудан орталығымен қатар, барлық ауылдық округтерден жас өнерпаздар қатысты. Ең алдымен топтасқан жас өрендер Қайрат Байекеновтің «Өмір шіркін» атты әнін шырқады. Одан әрі Э.Валиева жетекшілік ететін үлгілі «Гүлдурен» би ансамблінің кіші тобы «Қазақ биін» биледі. Мұнан кейін Бірлік ауылынан келген «Болашақ» триосы (жетекшісі С.Габдуллина) «Байтақ елім қазағым» әнін тамылжыта орындады. Кеш барысында көпжасарлық домбырашылар (жетекшісі Л.Баймулдина) Сейтектің «Тойбастар» күйін күмбірлете шертсе, үлгілі «Нұрбибі» би ансамблінің орта тобы (жетекшісі Л.Қанатова) қазақтың «Жайлау» биін, бірліктік «Шалқыма» би тобы (жетекшісі Г.Нұрсейітова) «Пингвиндер» биін билеп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ Қызылоба ауылынан келген жас жыршы Азамат Алмасұлы (жетекшісі Г.Шебетаева) эпостық «Қобыланды батыр» жырын айтып, қоңыр дауысымен елді еліте түсті.

janaqala oner (2)

Жаңажолдық А.Уразалиев баптаған жас әнші Арман Асқаров тойдың хиті «Осылай бола ма?» әнін, жаңақазандық Айнара Мақсотова мен Индира Дәрібаева (жетекшісі Аяулым Ғаббасова) патриоттық бағыттағы «Қазақстаным» әнін шынайы әрі шебер орындап шықты. Бұдан соң күйші Нұржан Отарбаевтың шәкірті Аңсар Уахитов халық күйі «Қыз ақ желеңді» орындаса, пятимарлық «Назерке» би тобы (жетекшісі Б.Әбілова) «Павлин» биін биледі. Ал мәстексайлық жас таланттар Ерасыл Қанатұлы мен Серікбол Жанғалиұлы (жетекшісі Г.Негаева) танымал ақын Қайнар Алагөзовтың сөзіне жазылған «Достығымыз жарасқан» әнін жанды дауыста жан тебіренте шырқады. Сосын жаңажолдық «Айдархан KZ» КТК командасы (жетекшісі А.Уразалиев) әртүрлі орынды әзілдерімен көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйласа, қырқопалық Дана Орынбасар мен Нәбира Нұртайқызы (жетекшісі А.Қуанғалиева) «Туған жер» әнін, пятимарлық «Нұрай» тобы «Тәуелсіз қазақтың қызымын» әнін шырқап, кеш көркін келтірді.

Кеш соңында Жандәулет Азидолла, Санжарбек Сабырғали, Еркебұлан Ғұмар, Ақан Халиолла, Ернар Тілекқабыл, Гауһартас Мерешова, Фатима Салимова сынды жас әншілер «Айгөлек» әнін шырқады.

«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, ел арасынан жас өнерпаздарды іздеп тауып, өнерге баптап-баули білген жетекші-ұстаздардың да еңбегі зор екені анық.

Ақсұңқар Сәдір

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале