Су - тіршілік көзі. Бүгінгі күнде тіршілігімізді онсыз елестетуге болмайтын ауыз суымыздың жәй-күйі сұранысымызды толық қанағаттандыра ала ма? Ауылдағы ауыз су мәселесі қай деңгейде шешіліп отыр? Адам ағзасына тікелей әсері бар тіршілік көзінің тұтынымдағы сапасы қандай? Еліміз бойынша «Таза су» бағдарламасы қаншалықты жүзеге асып, шалғай ауылдарды қуантып отыр. Жан-жақты қарайластырылған қуатты бағдарламадан қайыр бар ма? деген сансыз сұрақтар ауыз суға зәру әрбір елді-мекендерді кезіп жүр. Олардың ішінде шалғай жерде тұрса да ауыз су шарапатын толықтай сезініп отырған ауылдар да жоқ емес. Аталмыш бағдарламаға алғыстан басқа айтары да жоқ.
Тәуелсіздігіміздің басты жетістігіне балаған «Таза су» бағдарламасы негізінен көптеген шалғай ауылдарды жарылқап отырғаны жасырын емес. Біраз елді мекенге бағдарлама ерте жетіп, қызығын көруде. Бізге де уақытымен келгені алғашқыда қатты қуантты. Бізге деп отырғанымыз Жалпақтал елді мекені. Ол ауылда бағдарламаның шарапатын көппен бірге көріп, әр тұрғын өз үйіне су құбырын тартып та үлгерген. Берілген ауыз судың сапасы сын көтермейтінін қынжылсақ та айтуға тура келеді. Бастапқыда берілген судың сапасыздығын айтып, аузымыздың талғаны рас. Соңынан түзелер деп үміттендік. Үмітіміз ақталмады. Әр басшы әртүрлі сылтау айтып, таза су мәселесі ауылдастарды ашуға салды.
Аудан әкімі Альберт Есалиев мырза келіп, қабырғадан қойған мәселемізге тікелей жауабын беріп, белгіленген уақыт ішінде шешімі табылатынын айтты. Әйтпесе бұрынғы басшылардың құр сөзіне сеніп, сапасыз ащы суды ішіп жүре береді екенбіз. Шешілместей көрінген ауыз су мәселесіне жан бітіп, аудан әкімінің тікелей қадағалауымен қолға алынып жатыр.
Қанша жерден марқайсаң да, сапалы су ішкенге ештеңе жетпейді екен. Ұзақ уақыт бойына кешегі сапасыз ішкен күндерімізді есептегенде осындай ой түйдік. Оның үстіне ауылда су шаруашылығы мамандарының тапшылығы да ісімізге көп кедергі тигізді. Аудан әкімі Альберт Есалиев Жалпақтал, Қараөзен ауылдарының тұрғындарына сапалы су берілуі үшін су жүйесін жаңа жабдықтармен қамтамасыз еткелі отыр.
Болашақта құрылғыларды ұқыпты ұстау коммуналдық шаруашылық мекемесіндегі мамандарға үлкен сын. Сала мамандары құрылғылардың тілін білмегендіктен де қажетті жабдықтар мерзімінен бұрын істен шығып жатады. Шындығы да осы. Біз, коммуналды шаруашылық басшысы Қайыржан Төлегенұлынан жергілікті тұрғындарға газет бетіне түсінік беруін сұрап, екі-үш ай бойына жауап ала алмадық. Бетпе-бет кездескенде «Аудандағы басшылардың рұқсатынсыз баспасөз бетіне түсінік бере алмаймын» деді. Ізденіске ұмтылар жас маман бола тұра, тұшымды жауап бере алмаса, мекемені қала басқарып отыр. Осыны ескерген тиісті сала басшылары журналистер ескертпесін дұрыс түсініп, жауапсыз қалдырмас деп үміттенеміз.
Қыдыр Харесұлы
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер