Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп жас өрендерімізге үлкен сенім артты.
Мирон негізгі мектебінің шәкірттері білім мен өнерді серік етіп, әртүрлі байқауларда бағын сынап жүр. Отбасының бюджетіне шығын келтірмей, өзінің ізденімпаздылығы мен кітапқұмарлығының арқасында 8-сынып оқушысы Оразгүл Сейтқалиева «Қаламгер.kz» порталы ұйымдастырған республикалық «Алтын күз» онлайн-шығарма байқауында бас жүлдені жеңіп алып, SAMSUNG Galaxy А30 ұялы телефонын ұтып алды. Проза, поэзия жанрына қалам тартқан 5-сынып оқушылары Жанерке Құмарғали, Алина Сағынтаева, Ернұр Тлекқабыл, 6-сынып оқушысы Нұрәлі Хайбулла, 7-сынып оқушылары Дильнара Нәсіпқалиева, Бекарыс Жұмағалиев, 8-сынып оқушысы Ақбота Тұрақбай белсене қатысқандары үшін алғысхатпен марапатталды.
Өлеңге әуес, көркем сөз өнеріне жаны құмар жас буын өкілдері санының артуы–мектеп үшін үлкен мәртебе. Аудандық «Абай оқулары» байқауында І орын алған 9-сынып оқушысы Денис Қазкеев, ІІІ республикалық «Ұлы дала ұрпағы» байқауының «Көркем сөз» бағамы бойынша І орын алған 8-сынып оқушысы Әсет Өтеп, бас жүлде алып, Алматы қаласына жолдама алған 6-сынып оқушысы Нұрәлі Хайбулла өзгелергеүлгі. Облыстық, аймақтық байқаулардың жеңімпазы атанып жүрген 6-сынып оқушысы Дильназ Рапхат бен Дильнара Нәсіпқалиеваның алар асулары алда екеніне сенім мол.
Биылғы оқу жылын осындай жетістіктерімен бастаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі, «Педагог-зерттеуші» Ақмарал Омарова мен педагог-модератор Айнұр Мусинаның берген білімінің арқасы деп білеміз.
М. Хафизова
Мирон негізгі мектебінің
педагог- психологі
Қазталов ауданы