Жаңақала ауданында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, №3 қазақ мектебінің директоры Әлихан Декартұлының елу жасқа толуына орай салтанатты кеш өтті.
Аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің ұйытқы болуымен өткізілген мерекелік кеш барысында қоғамдық кеңес мүшелері, ішкі саясат бөлімі, аудандық білім беру бөлімі, ардагер ұстаздар аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, №3 қазақ мектебінің директоры, ұлағатты ұстаз, ел жанашыры Әлихан Декартұлын мерейлі мерекесімен құттықтап, алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Шара аясында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақан Қапанов мерейтой иесіне аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин мен аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғалидың алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ еңбек ардагерлері мен ардагер ұстаздар жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
-Қазақ "Елу деген ердің жасы " деген. Осы бір жарты ғасырлық ғұмырдың биігіне шығып, өткеніңе үңілсең артыңдағы сан соқпақ шиырлаған ізді көресің. Ел ағасы болған елу жастың парасат биігіне жеткеніңді айналаңдағы досыңмен, істеген ісіңмен ғана бағалай аласың. Халық үшін қажырлы қызмет етіп, әлі де ат үстінде келе жатқан жандар аз емес. Саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнап, қоғамдық шаралардан да қалыс қалмай ел үшін еңбек еткен жандардың бірі - Әлихан. Алдағы уақытта да биік белестерден көрініп, ерен еңбегің бағалана берсін деймін, - деді еңбек ардагері Тыныштық Өтешқалиев. Келесі болып сөз алған аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ринат Рамазанұлы мерейтой иесіне аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмардың атынан құттықтап, сый-сияпат жасады. Осы ретте Жаңақала ауылдық округінің маманы Сыйлыхан Жұмасалық ел ағасын елу жасымен құтықтап, жыр шумақтарын арнады.
Шара соңы аудан көркемөнерпаздарының ән шашуына ұласты.
Шыңғыс Ромашев
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер