Сырым ауданының Жымпиты ауылдық округінің әкімі Б.Мұхамбетжанның назарына!
Өткен аптада «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакциясына Жымпиты ауылы, Қарасу мөлтекауданының тұрғындарының атынан жазбаша ұсыныс түсті.
-«Қарасу» аймағының (мөлтекауданының – автор) тұрғындарына орталыққа, мектепке тағы басқа шаруаларымен барып келуі үшін 2017 жылдың қараша айында, 2018 жылдың қаңтар айында, 2019 жылдың қыркүйек айында тротуар салып беруін сұрап, аудандағы билік басында отырған лауазымды тұлғаларға және депутатқа өтініш, ұсыныстар берілді, алайда бұл мәселе 3 жыл бойы шешілмей тұр.
«Қарасу» аймағын орталықпен қатынасын бөліп жатқан канал бар. Осыған кезінде «ДОСААФ», аурухана мекемелерінің тұсынан адам, мал, көлік жүру үшін бөгет салынған. Осыны пайдаланып «Қарасудан» Сырым Датов көшесіндегі тротуарға шығатын 2 (екі) тротуар салғызуды сұрап, ұсынысымызды жолдап отырмыз.
Осы ұсынысты «Сырым елі» газеті бетіне шығартып, Сіздерден бұл мәселе бойынша қолдау болады деген сенімдеміз.
Құрметпен, «Қарасу» аймағының тұрғындары», - делінген хатта.
Хаттың астына Асадуллин, Б.Момышұлы, Молдағалиев, О.Исаев, Жонысов көшелерінің тұрғындары атынан 11 адам қол қойыпты.
Екі-үш жыл турасында Қарасу мөлтекауданының тұрғындарының орталық көшелермен қатынасына ыңғайлы болуы үшін бір жаяу жүргіншілер жолы салынған еді. Ол жол С.Датов көшесіне Б.Майлин көшесі арқылы қосылды. Хаттан түсінікті болғандай, қарасулықтар тағы 2 жерден осындай жол салуды сұрап отыр.
Сейсенбі күні «Қарасу» мөлтекауданына бардық. Барып, ұсыныс хатқа қол қойған азаматтар Асадуллин №6 үйдің тұрғыны Мұхамбетқали Кужахметов және Молдағалиев көшесі №7 үйдің тұрғыны Мырзаш Бердалиевпен кездесіп, олардан жаяу жүргіншілер жолы салынуы тиіс жерлерді анықтап көрсетуін сұрадық.

dav
Көрсететін де ештеңесі жоқ екен, халықтың аяғындағы жол ап-анық көрініп жатыр. Біз барғанда халық өздері күнделікті жаяу жүріп жүрген жолымен әлсін-әлсін қатынап жатты. Мөлтекаудан тұрғындары С.Датов көшесіне шығу үшін 4 бірдей көшені үй-үйдің арасымен, сай-саланың үстімен кесіп өтеді екен. Айналып жүру уақыт алады. Себебі, О.Исаев көшесінен Асадуллин, Жонысов, Молдағалиев және Б.Момышұлы көшелерін кесіп, сайдағы өткелмен С.Датов көшесіне шыққанша шақырымның үстінде жол жүруге тура келеді. Жолың орталыққа қарай болса жақсы, С.Датов пен Б.Қаратаев көшелерінің қиылысына қарай тартылған тротуардың үстімен тақаңды тақылдатып жетіп барасың. Аурухана жаққа баратындар үшін бұл жол тиімсіз. Себебі, кері жүру керек.
Қарасудың басқа шетінде тұратындар Б.Майлин көшесімен өтетін тротуарды әсте пайдаланбайды. Оларға 4 көшені басып өтіп, «ДОСАФФ» мекемесінің не болмаса аудандық аурухананың тұсынан «атып шыққан» ыңғайлы. Жер құрғақта «атып шығасың», балшық болса бітті, батып шығасың!

Бұл атып шығатын жолдар бәрінен бұрын мектеп оқушылары үшін қиын болып тұр. Неге? Асадуллин көшесінен бастап, қазіргі «Отан» автомектебі, бұрынғы «ДОСАФФ» мекемесінің тұсынан С.Датов көшесіне шыққанша, балалардың бірқатары Асадуллин мен Б.Момышұлы көшелерінің ортасындағы сай мен аудандық аурухананың артындағы каналдан, ал бірқатары Жонысов көшесінің желкесіндегі сайдан және үш-төрт «дәлізден» өтеді. «Дәліз» деп отырғанымыз – үй-үйдің аулаларының арасы. Екі шетінен екі кісі қарама-қарсы келіп қалса, иық соғыстырып өтетін аулалар мен қора-қопсылардың араларымен жүру балалар үшін қауіпсіз деп ойлайсыз ба? Әрине, қауіпті. Жақында Тараз қаласында азғынның мектептің әжетханасында 7-сыныптың оқушысын зорлағанын естіп, жағамызды ұстадық. Мектептің ауласында сондай жағдай болып жатқанда, үйлердің артқа жағындағы қуыс-тесіктің бірінде балаларды маскүнемнің не құдай бетін әрі қылсын, азғынның күтіп тұрмасына кім кепіл?
-«Қарасуда» орта түгілі бастауыш мектеп те жоқ. Қазір мектепке балалар 5 жастан барады. Асынатын сөмкесі де жеңіл емес. Ол аздай, олар жауынды күні балшық кешіп, оқуға баруы керек. Жаяу жүргіншілер жолының неге керек екендігі осыдан-ақ түсінікті емес пе? - дейді мөлтекауданның тұрғыны Мұхамбетқали Кужахметов.

«Қарасу» мөлтекауданына барып, тұрғындардың көтерген мәселесінің орынды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан Жымпиты ауылдық округінің әкімі Бекболат Мұхамбетжан мырзадан қарасулықтардың ұсынысын қолдап, төрт көшені кесіп, «ДОСАФФ» мекемесінің тұсынан С.Датов көшесіне шығатын жаяу жүргіншілер жолын салуын, сайдан өтетін өткелді биіктетуін, «ДОСАФФ» мекемесінің ауласын мүмкін болса ішке қарай шегіндіріп, халық өтетін жолды кеңейтуін сұраймыз. «Қарасуды» С.Датов көшесімен байланыстыратын екінші жаяу жүргіншілер жолы аудандық аурухананың тұсынан салынса, аурухана артындағы каналмен өтетін өткелдің астына тұрба салынып, үсті биіктетіліп, мүмкін болса шағын көпір тартылса деген ұсыныс бар. Ең бастысы, жаяулар жолы жарықтандырылса, бір жағынан ауылға көрік берер еді, екінші жағынан балалар үшін қауіпсіз болар еді.

Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің әлеуметтік педагогы Әйгерім Анесованың айтуынша, мектепке 43 оқушы «Самара - Шымкент» халықаралық күре жолының үстімен өтіп келеді. Бергі көшеде тұратын үш -төрт оқушы болмаса, қалған балалардың барлығы «Қарасу» мөлтекауданынан келетіндігі айтпаса да белгілі. Ал «Қарасудан» Қ.Мырзалиев атындағы мектепке 300-ге тарта оқушы қатынайды екен. Бұл мәліметті мектептің директорының міндетін уақытқа атқарушы Мақсот Жақсыгереев айтты. Мөлтекауданға қосымша жаяулар жолының не үшін қажет екендігі түсінікті болған шығар? Балалардан басқа тағы қандай себеп келтіруге болады?
Біздің сөз аз десеңіздер, осы жақта тұратын үлкендердің сөзін тыңдаңыздар:
Рауза Қамиева, Б. Момышұлы көшесі №14 үйдің тұрғыны:
-Қатқыл жол қажет. Біздің үйден екі бала оқуға барады. Біреуі 8-інші, біреуі 5-інші сыныпта оқиды. Өзім сексеннің алтауына келдім. Біздің де шығып жүргізіміз келеді. Орталыққа дүкенге, қонақтыққа барамыз дегендей. Жауын түссе, батпақтап жүре алмаймыз, резеңке етіксіз қиын. Батпақтан шыға алмай қалған күндер де болды. Жол сайрап жатса, халыққа қолайлы емес пе?
Кавакова Елизавета, Б.Момышұлы көшесі №12 үйдің тұрғыны:
-Жасым 79-да. Осы көшеде 21 жылдан бері тұрамын. Батпақтың үстімен сәбилеріміз оқуға барып жүр. Қиыны сол. Мен өзім орталыққа дүкенге міндетті түрде барып тұрамын. Балшықтан жүре алмаған күндер көп болды. Қысқы уақытта қар да аз машақат әкелмейді. Жаяулар жолы салынса, жиегі жарықтандырылса дұрыс болар еді.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
суретте: балалар үшін қауіпті «дәліздер»
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер