6.12.2019, 12:08
Оқылды: 25

Қаржы ма, әлде адамның өмірі маңызды ма?

Жаңақала аудандық газетінің редакциясына қара басының емес, қаймана халықтың жанайқайын жеткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын арқалай келетіндердің қатары соңғы кездері көбейіп келеді. Әрине, бұл жағдай бізді қуантады әрі зор жауапкершілік жүктейді. Тұрғындардың үніне құлақ түріп, індете зерттемесек, журналистік бағыттағы жұмысымызға да сын болар хақ. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынов тектен-текке айтпаған шығар.

janaqala aksha adam (3)

Газеттен қолдау іздеп, елге ортақ, қорқау қоғамға ортақ жайтты мәселе қылып көтеріп келген жанның бірі, Жаңақала ауылының тұрғыны, зейнеткер, III топ мүгедегі Шәйдолла Тілеубергенов. Ол өзі тұратын көшенің маңайындағы жол қозғалысына алаңдаулы.

–Жаңақала ауылының тұрғынымын. Осында 60 жылдан бері тұрып келемін. Біз тұратын жер Халықтар достығы көшесі мен С.Айтқұлов көшесінің орта тұсы. Ал осы арадағы жол бойында ешқандай тәртіп жоқ. Жүргізушілер жалғыз жол белгісін пысқырмайды да. Біздің көшеде мүмкіндігі шектеулі жандар бар, гимназиядан сабақтан қайтатын оқушылар бар. Соларға еркін жүруге мүмкіндік жоқ. Немерелеріміз сабаққа барарда шығарып салып, сабақтан қайтарда қарсылап аламыз. Әйтпесе, ағылған автокөліктер басып кете ме деп қорқамыз. Айтпақшы, өткенде  зейнет жасындағы бір әйел адамды Жеңістің 30 жылдығы мен Халықтар достығының қиылысынан көлік қағып кетті. Қайта Құдай сақтап, жаны аман қалды. Емханаға жатып, емделіп шықты... Міне, осындай тосын әрі қайғылы жағдай орын ала ма деп алаңдаймын. «Сақтансаң –сақтаймын» деген сөз бар қазақта. Айтарымыз, билік басындағыларЖеңістің 30 жылдығы көшесінен Халықтар достығы көшесіне бұрылар тұсқа жылдамдық бәсеңдеткіш (лежачий полицей), жылдамдықты бәсеңдететін жол белгісін орнатып берсе, қатты қуанар едік. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолын салуды да ұмытпаған жөн. Осы жағдайға билік басындағы атқамінер азаматтар жеткілікті назар аударып, бақылауға алса деген тілегіміз бар, - дейді зейнеткер Ш.Тілеубергенов.

Шәйдолла ағамыздың сөзінің жаны бар. Өз қотырыңды өзің қасымасаң, сырттан келіп ешкім қасып бермейді. «Апат айтып келмейді», десе де жаза­тайым оқиғалардың алдын алу және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар күн тәртібінен түспеуі қажет. Сұрастырсақ, ауылішілік жолдардың барлығы Жаңақала ауылдық округі әкімдігінің теңгерімінде екен. Мәселеге орай ауылдық округ әкімі Абзал Ахметовпен тілдескен едік.

janaqala aksha adam (5)

–Биыл аудан орталығындағы 52 жол белгісін жаңартып, ауыстырған болатынбыз. Келесі жылға тағы да 50-ден астам жол белгісін қоюды, 4 жерге жол кедергісін (лежачий полицей) салуды жоспарлап отырмыз. Алла қаласа Жаңақала колледжінің алдына, №3 қазақ мектебінің қасына, Жаңақала мектеп-гимназиясының қасына және сіз айтып отырған Жеңістің 30 жылдығы мен Халықтар достығының қиылысына жол кедергілерін саламыз. Бұлардың бір-біреуінің құны 300 000 теңгеге шығып отыр. Сондықтан құрылысы да сапалы болады деп нақты айта аламыз. Иә қозғалып отырған мәселе өте орынды. Халық үшін қарекет қылудан қашпаймыз. Еліміздің саясаты, біздің басты міндетіміз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады, - дейді ағынан жарылған ауыл әкімі.

Жалпы статистика бойынша, біздің елде әрбір екінші жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншіні қағып кетумен байланысты көрінеді. Және сол зардап шеккен жандардың көбі жаяу жүргінші жолағында жол-көлік оқиғасына ұшырағандар екен. Ал әрбір сегізінші жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатындығы ойландырмай қоймайды. Мәселен, былтырғы осы кезеңде жаяу жүргіншілердің қатысуымен 4,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 466 адам қаза тапқан. Осындай жол-көлік оқиғаларының 88 пайызы көлік жүргізушілерінің кінәсінен болады дейді сарапшылар. Біздің ауданда да мұндай жол-көлік оқиғалары мүлдем жоқ емес. Мақаланы жазу барысында аудандық полиция бөлімінің аға мемлекеттік автоинспекторы, полиция капитаны Кенесары Жүзжасаровқа хабарласып, мәлімет алған едік.

– Сәлім Айтқұлов пен Халықтар достығы көшесі – қазіргі қозғалысы көп басты көшелердің бірі. Ауыл ішінде болып жататын жол-көлік оқиғаларының көбісі осы көшелерде болып жататынын жоққа шығаруға болмайды. Бізде тіркелген оқиғаларды тарқатсақ, аудан бойынша 2018 жылы 2 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның ішінде 1 адам қайтыс болып, 3 адам дене жарақатын алған. 2019 жылы 4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам дүниеден озып, 12 адам дене жарақатын алған. Ауыл ішіндегі жаяу жүргіншілерді қағу дерегі бойынша 2019 жылы 1 оқиға тіркелді. Жалпы, біржақты жүргізушілерді кінәлай беруге болмайды. Тұрғындарда тәртіп сақтап, жолдан кесіп өтерде абайлап өтулері керек. «Ел құлағы елу» дейді. Тұрғындардан сұрарымыз, ішімдік ішіп, көлік жүргізген адамдарды көрсеңіз, дереу бізге хабарласаңыз.  Себебі мас адам көлігімен адам қағып кетуі ғажап емес. Сондықтан да қауіптің алдын алу үшін бірге жұмыстанайық, –дейді ол.

Көзіқарақты оқырмандардың есінде шығар. Жылдың басында, яғни қаңтар айында редактор Нұрғали Сағынғалиұлының «Жаяу жүргіншілер жолы қашан салынады?» атты көкейкесті мақаласы жарық көрген еді. Сол мақалада автор С.Айтқұлов көшесіндегі жолдың бойына тротуар салынса деген бастама көтеріп, халықтың да ұсынысын жазған болатын. Алайда, сол жаяу жүргіншілер жолы әлі күнге дейін салынған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бұл жыл да бітуге қалды. Тротуар жалпы аудан орталығына керек дүние ғой. Халқы мен автокөлігі жыл санап көбейіп жатқан ауданымызда жаяу жүргіншілер жолының жоқтығы көп зардабын тигізуі мүмкін...

«Биыл неге жаяу жүргіншілер жолы салынбады?» деген нақты сауалымызды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Дәурен Ғаббасқа жолдадық.

–«БҚО Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылындағы С.Айтқұлов көшесінен Д.Нұрпейісова көшесінің қиылысына дейінгі, Халықтар достығы көшесінен И.Тайманов көшесінің қиылысына дейінгі, И.Тайманов көшесінен 1 мамыр көшесінің қиылысына дейінгі тротуар құрылысы» жобасы дайындалды. Тротуар құрылысының ұзындығы – 1,3 шақырым. Жоба құны – 28 609,0 теңге. Жобалық-сметалық құжаттама 2018 жылы шілде айының 17 күні №ТЭ-0012/18 нөмірімен сараптамадан өткізілген болатын.

«БҚО Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылындағы Д.Нұрпейісова көшесінен Бабажанов көшесінің қиылысына дейінгі, Жеңістің 30 жылдығы көшесінен Бабажанов көшесінің қиылысына дейінгі тротуар құрылысы» жобасы дайын тұр. Тротуар құрылысының ұзындығы – 2,2 шақырым. Жоба құны – 52 115,0 теңге. Жобалық-сметалық құжаттама 2018 жылы маусым айының 22 күні №НП-0021/18 нөмірімен сараптамадан өткізілген болатын.Аталған жобалар бойынша бюджеттік өтінім жасақталып, Батыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына тапсырылған болатын. Ендігі кезде, облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады, - деген жауап келді. Тротуардың «тағдыры» сол баяғы қаржыға тіреліп тұр.

 

Түйін. Қаржыны қолбайлау қыла бермей, халықтың жағдайын ойлайтын кез келді. Мемлекеттің асыл қазынасы – ол адам өмірі. Зайырлы елдің заңында да солай жазылған. Сондықтан кешікпейһәм тұра-тұрламай тротуар салып, жол белгісін орнатып, ауданымыздың орталығын үрейлі емес, қауіпсіз аймаққа айналдыру қажет. Біреудің өлгенін, жерленгенін күтіп жүрмей, елдің игілігі үшін жасалатын жұмыстар алдағы уақыттың еншісінде қалмауы керек. Күні кешегі Орал қаласында өрімдей қызды ажал құштырған қайғылы жағдай біздің өңірде деқайталанбасына кім кепіл? Соның бәрі – ауылішілік жолға мән бермеудің, жол белгісіне салғырттықтың, адам тағдырына бейқамдықтың кесірі.

Алтынбек Ермекқалиев

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале