Әннің де, әншінің де бағы жанды. Қазталов ауданының Жалпақтал Мәдениет үйінің сахнасында жалпақталдықтар арасында "Екі жұлдыз" байқауы өтіп, оған әр салада еңбек ететін ауылдағы тоғыз өнерпаз бақтарын сынады.
Оларға Жалпақтал Мәдениет үйінің өнерпаздары жұп болып, өнер шырағын жағуға атсалысты.
Байқауға қатысқан үміткерлердің арасында жеке кәсіпкерлер де бар. Ауыл сахнасында ұйымдастырылды демесек, сайыс республикалық байқаулардан еш кем болған жоқ. Қатысушы өнерпаздардың байқауға өте жоғары дәрежеде әзірленгені байқалып тұр. Байқау екі турдан тұрады деп жоспарланған екен. Әр турдың өзі екі бөлімнен тұрады. Арнайы әділқазылары белгіленіп, өнерпаздардың өнерін солар бағалады.
Бірінші турда қатысушы жұптар ретро әндер мен еркін тақырыптағы өлеңдерден бақ сынады. Сонымен мақсаты айқын, шарты белгілі байқауда бірінші нөмірлі жұп болып Жалпақтал ауылдық округі атынан сынға түскен Алмат Ниетқалиев пен Ғаяз Мазгутов, екінші нөмірлі жұп Жалпақтал колледжінің қызметкері Арман Хайруллин мен Наргиза Сүлейменова, үшінші нөмірлі жұп Жалпақтал балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкері Ақылбек Қаменов пен София Мерғалиева, төртінші нөмірлі жұп Жалпақтал ауруханасы қызметкері Елжан Меңдешев пен Анар Мусина, бесінші нөмірлі жұп "Ертегі" балабақшасының қызметкері Ақмарал Ұзақбаева мен Нұрхат Жалмұханов, алтыншы нөмірлі жұп жеке кәсіпкер Гүлжанат Төреғалиева мен Ерлан Аманжолов, жетінші нөмірлі жұп "Қазпошта" қызметкері Дамира Едекешева мен Нұрбек Мұханбетқалиев, сегізінші нөмірлі жұп Жалпақтал әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметкері Бейімбет Дүйсенғалиев пен Мержан Дүйсенов, тоғызыншы нөмірлі жұп Ғинаят Молдашев атындағы мектеп қызметкері Алтынбек Қазиуллин мен Гүлхан Елемесовалар реттік нөмірлері бойынша өнерлерін ортаға салды.
Енді алда осы байқаудың екінші турын тамашалаймыз.
Қыдыр Харесұлы
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер