«Жайық Пресс» медиахолдингі жанындағы бас редакторлар клубының V көшпелі мәжілісі Бәйтерек ауданында өтті.
Бәйтерек ауданы 22 ауылдық округте 60 мың тұрғыны бар, 40-тан астам ұлтты татулық бесігінде тербеген, еңбектен береке тапқан өңір. Облыс орталығының іргесін бекітіп әрі мемлекеттік шекараны шегендеп жатқан бұл ауданның тарихынан дәуірлер тынысы, ал бүгінгі ажарынан азаттықтың айбыны анық сезіледі. Бұл туралы көшпелі мәжілістің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Көпжан Нұрлыбеков та айтты.

Көшпелі мәжіліс әрі қарай редакторлардың жұмыс отырысымен жалғасты. Отырысқа Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» қоғамдық – саяси газетінің редакторы Ертай Бимұханов төрағалық етті.
«Газет – шығынды қажет ететін бизнес!»
«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов 2019 жылы аудандық газеттердің редакциялары үшін бірқатар тиімді шешім қабылданғанын айтты. Соның бірі – редакциялардағы штаттардың бірегейленуі. Осы арқылы аудан газеттерінде еңбек етіп жүрген әріптестердің еңбегі жаңаша бағаланды.
«Газет – шығынды қажет ететін бизнес» - деді Рауан Сәбитов. Медиахолдингтің бүгінгі мақсаты – сол шығынды өз күшімен жауып, замана мұхитынан «баспасөз кемесін» тұмсығын тасқа соқтырмай, желкенін желге майыстырмай аман – алып жүру. Ол үшін редакторлар түгілі, әрбір журналист мақала жазатын шығармашылық жұмыстың иесі ғана емес, редакцияға ақылы қызмет арқылы қаржылай кіріс кіргізе алатын менеджер де болуы керек. Баспахана қызметі құнының 30 пайызға қымбаттауы да анабір жайлы жағдайға себеп болды деп айту қиын. Шығын, қымбатшылық деп отырып, мекеменің материалдық игілігін жетілдірмей қарап отыруға тағы болмайды. Бас директордың айтуынша, келесі жылдың І тоқсанында барлық редакциялар су жаңа компьютерлермен және фотоаппараттармен қамтылады.

Кадрлар тұрақсыздығы – тек «Жайық Пресске» емес, газет саласына тән жайт. Осыған дейін, «Жайық Пресс» медиахолдингінің өзінен 44 жас маман қызметтен кеткен. Оның 28-і аудандық редакцияларға тиесілі.
-Бұл мәселеге алаңдамаса болмайды. Біздер біріншіден жас мамандарға қолайлы еңбек жағдайын ұсынуға тиіспіз. Екіншіден, редакторлар да маман даярлау ісіне ыждағаттылықпен кірісуі керек. Әрине, жас мамандардың бойында газет жұмысына деген фанатизмнің болуы да бізге мейлінше керек. Ынталы көңіл болмай, жемісті жұмыс болмайды, - деді бас директор.
Басты талап – ақпараттық емес, оқылымды болу
«Жайық Пресс» мекемесінің аудандармен жұмыс бөлімінің басшысы Тоқтар Кенжеғалиев өзінің баяндамасында аудандық газеттердің соңғы үш айдағы шығармашылық жұмысына шолу жасады. Қазіргі күні газетке қойылып отырған басты талап – ақпараттық емес, оқылымды басылым болу. Ол үшін сүйекті материалдарды мейлінше көбірек жазу керектігі айтпаса да түсінікті. Осы тұрғыда, Теректі аудандық «Теректі жаңалығы», Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы», Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газеттері соңғы үш айда көш бастаған. Басқа газеттерде де сүйекті жұмыстар жазылмай жатқан жоқ. Жалпы есебін шығарсақ, аудандармен жұмыс бөлімі аудандық газеттерде үш айда 219 сүбелі материал жазылды деген ақпарат берді. Ендігі мәселе – осы 219 материал жазылғаннан не өзгерді? Мақалалар қандай бастамаларға себеп, қандай істерге түрткі болды? Аудандық басылымдардың басшылары жұмысты осы тұрғыдан да бағалау керектігін айтты.
Сүйекті материал тек қана мәселе көтерген, сыни материал болуы тиіс пе? Отырыста осы сұраққа да жауап іздедік.
Тоқтар Кенжеғалиев газеттің оқылымдылығын сақтау үшін айлық жоспарды нақты жасау, материал жазу, жаңа айдарлар ашу кезінде оқырман ұсыныстарына сергек қарап, кері байланыс орнату, мақалалар қорын жасақтау, атаулы даталарды ескеру және еңбек тәртібін бұлжытпай сақтау, газеттерді баспаға уақтылы жіберу талаптарын орындауды тапсырды. Соңғы талап еңбек тәртібіне қатысты, дегенмен тәртіп те өнімді жұмысқа себеп болатыны белгілі.
Отырыс барысында редакторлар газетке жазылу науқанын сәтті аяқтау, редакцияға тікелей жазылушылардың санын арттыру мәселелері жөнінде де пікір алмасты.
Аудандық газет – халыққа жақын газет!
Түстен кейін Бәйтерек ауданының меймандары аудандық тарихи-өлкетану музейімен танысты. Осы жерде белгілі журналист, Ұлттық аударма бюросының редакторы, PhD докторы Мұхтар Сеңгірбайдың шеберлік сағаты өтті.

Мұхтар Сеңгірбай мырза ең әуелі ХХІ ғасырдағы журналистикадағы трендтермен таныстырды. Газет – жеке – дара ақпарат құралы болудан қалды. Ол құралдың құзіретіне бүгін сайт, мобильдік қосымша, ондағы түрлі формадағы материалдарға қосымша ақпарат берушілер араласты. Журналист ақпаратқа монополия болудан да қалды. Ақпараттың авторы кім болса да мейлі, ол оқырман мен таратушыға да ортақ игілікке айналды. Оқырман ақпаратты таңдауда әрі дереккөз таңдауда талғамсыз бола бастады. Газеттердің жұмысына салқынын тигізіп отырған бір дерт – осы.
Мұхтар мырзаның айтуынша, оқырман бір материалды әрі қарай оқуды 3 секундта шешеді, материалды аяғына дейін оқу көрсеткіші АҚШ-та 10 пайыздан аспайды. Демек, оқырманды тарту үшін газеттерге жазу стилін өзгертуге тура келеді.
Оқырман санының азаюы – барлық газетке тән мәселе. Газет болашақта бола ма, жоқ па? Ол да жауабы қиын сұрақ. Әлемдегі соңғы тенденцияларды қарасақ, оқырмандар әлеуметтік желіден жалығуда. Олар сапалы, эксклюзивті, тексерілген ақпаратқа сұраныс туғызуда. Бұл газет жұмысына жаңа рең беруі мүмкін. Бірақ азаматтық журналистиканың дамуы әрі сапасының артуы, сайтқа жазылу, мобильдік қосымша сатып алу, электронды ақпарат құралдарының оқырманның оқудан басқа да қажеттіліктерін, яғни айыппұл төлеу, картадан қажетті нысанды табу секілді қызметтеріне де қолайлы бола бастауы газеттің күшін кемітуде.
Күшін сақтау үшін аудандық газеттер не істеуі керек?
Тек оқырманға ақпарат беріп қою аздық етеді. Журналист конвергент болуы, түсініктірек айтсақ, жан-жақты, өзі сапалы сурет пен бейнетүсірілім жасай алатын, оны өңдей алатын, әрине жақсы жазу қабілетіне ие, бастысы оны оқырманға бірінші әрі ыңғайлы етіп жеткізе алуы керек. Журналистің басты міндеті – назар аударту және сол назарды ұстап тұру.
Әрине, әлеуметтік желі мен сайт бар екен деп, газетті ешкім оқымай жатқан жоқ. Оқылуда. Сол оқылым аудандық газеттердің де артықшылықтарын белгілеп үлгерді. Аудандық басылым халыққа жақын, таралатын ауқымы шағын, мәселелер оларға, олардың көтерген мәселелері қоғамға таныс. Халықтың жергілікті ақпаратқа қызығатыны тағы бар. Аудандық газет жазамын десе, мәселе мен тақырып көп, тек шешімін табуға үйрену керек. Журналист болғысы келетін жастар бар, азаматтық журналистика дамып келеді. Соларды баулу керек.
Мұхтар Сеңгірбай шеберлік сағатын мынадай сөзбен аяқтады:
-Оқырман бізді сақтап қала алады.
Біздіңше, оқырман бізді журналистерді және әлбетте газеттерді де сақтап қала алады. Ол үшін оқырманға қызмет те адал болуы керек. Бәйтеректегі мәжілістен сондай оймен тарқастық.
Бауыржан Ширмединұлы
газет редакторы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер